2016 жылдың қазан айының 19 жұлдызында Қарағанды қ. №5 орта мектебінің ғимаратында орналасқан Бейіндік оқыту ресурстық орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бәсекеге қабілетті жастар – Қазақстанның болашағы» атты жастар форумы өтеді.
Өткізілу уақыты: 11:00 – 14:00
Өткізілу мекен-жайы: Қарағанды қ, Степной -1 ықшам ауданы. №5 ОМ Бейіндік оқыту ресурстық орталығы.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толмақ. Еліміз үшін маңызды осы мерекені тойлау мемлекеттілік пен халықтар достығының символы әрі «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық құндылықтарының төңірегінде барлық қазақстандықтарды шоғырландырып, еліміздің болашағының іргетасын нығайта түсуді мақсат етеді. Осынау атаулы күнге арналған форумда қатысушылар мемлекетімізде сапалы білім алу, шынайы маман даярлау мәселелерін талқылап, ҚарМТУ-дың кәсіби-бейіндік білім беру алаңдарының жұмысымен танысады, ресурстық орталық құрамындағы мектептердің көрмелерін тамашалайды. Іс-шара соңында оқушылар мен студенттердің қатысуымен флешмоб және концерт өтеді.
Жастар форумының бағдарламасында: желілік метктептердегі көрмелерді тамашалау, ҚарМТУ-дың кәсіби-бейіндік білім беретін алаңдарының ісімен танысу, концерттік бағдарлама және Жастар үндеуін қабылдау шаралары өтеді.
Форумды ұйымдастырушылар – Қарағанды қ. №5 ОМ Бейіндік оқыту ресурстық орталығы және Қарағанды Техникалық Университетінің «Жас орда» Студенттер ұйымдарының ассоциациясы.
Форумға ресурстық орталықтың негізгі тірек мектебі №5 мектебінің, орталыққа қарасты – 15, 16, 23, 29, 57, 59, 81 орта мектептерінің 9-11 сынып оқушылары, ресурстық орталықтың ресми серіктестері – ҚарМТУ-дің студенттер ассоциациясы және Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің өкілдері қатысады.
Қарағанды қаласының Бейіндік оқыту ресурстық орталығы өзі орналасқан №5 негізгі тірек мектебі және орталыққа қарасты желілік мектептердің (№ 15, 16, 23, 27, 39, 41, 43, 57, 58, 66, 81) 9-11-сынып оқушыларын 9 жыл (2007 жылдың 12 шілдесінде құрылған) бойы сан салалы мамандық түрлеріне бейімдеп келе жатыр. «Ғылым және білім интеграциясы» бағдарламасы аясында Ресурстық орталықтың әлеуметтік серіктестігі болып табылатын ҚарМТУ аталмыш ұйымға болашақта бәсекеге қабілетті маман бола алатын түлектер дайындауға қолдау көрсетуін жалғастыруда.
Қазіргі уақытта серіктестер әлемдік нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды орта және жоғары білім деңгейінде дайындауда межеленген стратегиялық мақсаттарға жету үшін табысты еңбек етіп келеді.