Жаңа әліпби  ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады


«Жаңа әліпби  ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады», — дейді аймағымыздың ірі техникалық жоғарғы оқу орнының студенттері. 2017 жылдың 1 қарашасы күні ҚарМТУ-дың бас корпусындағы  №337  аудиторияда жақында ғана Елбасы жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің қолданысқа енуі туралы ресми құжатты талқылап, өзара пікір алмасу үшін студенттер мен оқытушылардың кездесуі өтті. Оған білім ордамыздың 180-нен астам студенттері қатысты.

Басқосу барысында студенттер бұған дейін өздері оқып танысқан осы жылдың сәуір айында жарыққа шыққан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы,  жақында ғана бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығы сияқты бірқатар маңызды құжаттарда қарастырылған маңызды мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Олардың пікірін тыңдап, ел тарихында жасалып жатқан осынау реформаларға қатысты жасалған мемлекеттік құжаттарды университетіміздің оқытушылары Жайдары Төлеубайқызы Мұсаева (Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы) және  Қайыр Самигуллақызы Тлеуғабылова (Қазақстан тарихы кафедрасы) түсіндірді. Оқытушылар қазақ әліпбиін өзгерту идеясы алғаш рет 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан–2050» стратегиясында сөз болғанын айта келіп, жастарды кириллицадан латын әліпбиіне  ауыстыру процесінің қалай  өткізілетіндігі  және қай мезгілді қамтитындығы жөнінде мағлұмат берді.

Студенттер де өз кезегінде латын әліпбиі турасындағы әлеуметтік ортада тарап отырған жан-жақты пікірлердің дұрыс-бұрыстығы турасында өз тұжырымдарын білдіріп, бұл тарихи оқиға жөнінде 1993 жылдан бері латын әліпбиін қолданатын Өзбекстаннан келіп оқып жатқан студенттердің пікірін тыңдады.

Айта кету керек, латын әліпбиіне қазақ тілін көшіру турасында талқылаулар басталғалы бері  гуманитарлық пәндер бойынша сабақтарда білім ордамыздың студенттері  эссе, көрсетілім жасау кезінде жаңа әліпби нұсқасын қолдануға машықтанып жүр.

Без рубрики