Ғылым мен өнеркәсіп тоғысында: ҚарТУ-дың жаңа серіктестік қадамы


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Ректоры Сауле Сагинтаева бастаған делегация іс-сапармен мұнай-газ, мұнай-химия және энергетика салалары үшін технологиялық құрылғыларды өндіретін кәсіпорын — «Казфитингпласт» ЖШС-де болды. Университет өкілдерінің қатарында аппарат басшысы Аристотель  Исағұлов,  ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Али Мехтиев, Технологиялық жабдықтар, машинажасау және стандарттау кафедрасының меңгерушісі Василий Юрченко, Құрылыс материалдары және технологиялары кафедрасының меңгерушісі Еділ Иманов және жастар саясаты департаментінің директоры Гүлден Адамова болды.

Кәсіпорын директоры Тимур Исенов келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, кәсіпорынға экскурсия жүргізді. «Біз ҚарТУ-дың  кадр даярлау деңгейін жоғары бағалаймыз, және бірлескен ынтымақтастықтың ғылым мен өндіріс арасындағы қарым-қатынасты сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз! Университеттің бос орындар жәрмеңкелеріне және карьералық іс-шараларға, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен семинарлар мен дәрістер өткізу бойынша ынтымақтастық жасауға дайынбыз» — деп жеткізді.

Экскурсия барысында плазмалық және лазерлік металл кесу станоктары, автоматты және жартылай автоматты дәнекерлеу жабдықтары таныстырылды. Сондай-ақ, Саран қаласындағы сорғы жабдықтарын, тасымалдау-қаптау жинақтарын және полимерлік бұйымдарды өндірістік алаңда өндіру технологиясының жолға қойылғанын көрсетілді.

Кездесу соңында қос тарап, «Корпоративтік университет» инновациялық-білім беру консорциумы шеңберіндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл — Saginov Technical University мен «Казфитингпласт» ЖШС арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ел экономикасының дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Без рубрики