III тарау ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ (ҮІ-ХІІ ҒҒ.)

 

Дәріс жоспары:

3.1 Түрік қағанаты;

3.2 Түргеш, Қарлұқ, Оғыз және Қимақ мемлекеттері;

3.3 Қарахан, Қарақытай, Найман, Керейт мемлекеттері;

3.4 XI - 1219 ж. Қыпшақ хандығы.

 

 

3.1 Түрік қағанаты

 

Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (ІІ-Үғ.) Қазақстан мен Орта Азияның және Шығыс Еуропаның этникалық және саяси картасын едәуір мөлшерде өзгертті. V ғ. түрік тілді теле (терек) тайпаларының қисапсыз көп топтары Солтүстік Монғолиядан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі ұланғайыр далаға кең жайылып қоныстанады, олардың қоныс-өрісі Амударияның жоғарғы ағысына дейін жетеді. "Түрік" атының тұңғыш рет аталуы қытай шежірелерінен кездеседі және ол 542 жылға жатады.

Қағанат бірлестігіні атасы - Бумын-қаған (553 ж. қаза тапты) болады. Оның мұрагері Мұқан-қаған (553-572) билік құрған жылдарда Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болады.

Өз ішіндегі алауыздық пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Елде талай жылдарға созылған мал індеттері, жұттар мен ашаршылық орын алды. Түрік қағанаты шекараларына шығыстан Қытайдың Сюй әулетінің (581-618 ж.) шабуылы күшейді. Міне, бұл жағдайлардың барлығы 603 ж. Түрік мемлекетінің 2 дербес қағанатқа - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталды.

Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатты. Орталығы-Жетісу жеріндегі Суяб қаласы болды.

Қаған ең жоғарғы билеушісі, әскер басы және бүкіл инжирдің иесі.

Қаған

Шад, жабғу, елтебер(ашина руынан шыққан жоғарғы шендер)

Бек (ру,тайпа басқарушысы)

Тархан, бүйрықтар (сот қызметін атқарушылар)

Тұдын (салық жинаушылар)

Қара бұдын (қарапайым халық)

Таттар (құлдар)

Түріктердің көрші тайпалар мен халықтарға шапқыншылық жасағандағы мақсатының бірі-құл иелену болған. Қағанаттың негізгі халқы–малшы қауым мүшелері, оларды "қара буын" ("қара халық", "тобыр") деп атаған.

Қытай деректерінде ғұндар мәйітті мал-мүлкімен өртеп, көмген. Кейіннен олар жаңа жерлеу рәсіміне көшіп мәйітті өртемей сол қалпы мал-мүлкімен жерлеген.

Қағанат ішіндегі өзара тартыс, билеушілердің жиі-жиі ауысуы, 16 жылға (640-657) созылған тайпалар арасындағы соғыс пен ішкі қырқыстар Жетісуға Қытайдың Таң империясы әскерінің баса-көктеп кіруіне әкеліп соқты.

 

 

3.2 Түргеш, Қарлұқ, Оғыз және Қимақ мемлекеттері

 

Түріктердің Таң басқыншылығына және олардың сыбайластарына қарсы жүргізген тынымсыз күресі барысында қағанат құрамында түргештер күшейіп көтерілді. Сөйтіп 704 ж. Батыс түрік қағандығы құлап, оның орнына Түргеш қағанаты құрылды.

Түргештер Шу мен Іле аралығын қоныстанған. Алғашқы қағаны - Үшелік (704-706). Территориясы: Жетісу, Іле, Шу, Талас алқаптары. Астанасы- Суяб, жазғы ордасы-Күңгірт қалалары (Іле өзенінің бойында). Бүкіл жер 20 үлесті аймаққа (түтік) бөлінді. Әр түтікте 7 мың әскер болған. Қағанат 2 қарсылас топқа бөлінді.

Қағанатта қара және сары түргештер арасында жиі талас-тартыс болып тұрды және ол тартыс Сұлу қаған басқарған қара түргештердің жеңісімен аяқталды. Түргеш қағанатының ішкі саяси жағдайы бірнеше жылдар бойы байыз таппай құбылып тұрғанды, бірақ Сұлу қаған (715-738жж.) таққа отырғалы, ол күшейе түскен еді. Әскери-әкімшілік билік «қара» түргештердің қолына тиіп, олардың ордасы Таласқа (Тараз) көшірілген болатын. Айлакер елші және тамаша қолбасшы Сұлудың екі майданда бірдей күрес жүргізуіне тура келді: батыстан арабтар елеулі қауіп төндірсе, шығыстан Таң сарайы Шығыс Түркістанда орнығып алған Батыс Түрік қағандары әулетінің таққа таласушы жұрағаттарын қолдап отырды.

738 ж. Сұлу қағанның қазасынан кейін «сары» түргештер мен «қара» түргештер арасында үкімет билігін алу жолындағы ұзақ күрес-тартыс басталады. Талас пен Суяб арқылы қағанат сары және қара түргештерге бөліну жүйесі қалыптасты. Бірақ VIII ғ. 40 – жылдарынан бастап бұл жүйе ескерілмеді. Шашыранды тайпалар 751 ж. (Талас тартысы) қытай әскерлерінің жорығына тек сыртқы күштер көмегі әсерімен қарсы тұра алды. 756 ж. қағанат түркі тілді қарлұқ тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлайды.

Қағанат ішінде феодалдық қатынастар дамыды, қалалар саны және сауда-саттық арта тусті. Түргеш қағанатында мал бағумен қоса жер шаруашылығы да дамыды. Айырбастың дамуына байланысты ақша пайда болды, ақша айналымы қалыптасты. Арабтардың келуіне байланысты біртіндеп ислам діні тарала бастады.

Қарлұқтар туралы алғашқы жазба деректер V ғасыр ортасына қарай қытай жазбаларындағы Сюй әулетінде кездеседі. Онда қарлұқтар Алтай тауларының тұрғындары ретінде «бұлақ» деген атпен мәлім болған. Сонымен қоса қарлұқтар ежелгі руналық ескерткіштерде «үш қарлұқ» деген атаумен белгілі. Араб-парсы тіліндегі әдебиетте қарлұқтар жайындағы алғашқы мәлімет Табариде (737 ж.) кездеседі.

Қарлұқтар моңғолдық белгілері бар еуропоидтық антропологиялық түрге жатады.

VI-VII ғғ. қарлұқтар Тарбағатайдан солтүстікке және оңтүстікке қарай, Балқаш көлі мен Монғолдар жеріндегі Алтай тауларының арасындағы жер аумағын алып жатыр. Қарлұқтар тайпаларының басшысы «елтебер» атағын алған. Әлеуметтік және жіктік теңсіздік қарлұқ қоғамының негізгі өзегі болатын. Халықтың негізгі бұқарасы қоғамның қатардағы мүшелері еді, олар көбінесе малы мыңғырған қамқоршы байларға экономикалық жағынан кіріптар болып қалатын. Тұрғындардың негізгі бөлігін қарапайым халық құрады.

766 ж. түргеш қағандарының қос ордасы – Тараз бен Суябты қоса, бүкіл Жетісу қарлұқ жабғысының қоластына көшеді. VIII-X ғғ. қарлұқ тайпалары Қазақстанның Жоңғар Алатауынан бастап, Сырдарияның орта ағысына дейінгі кең көсіліп жатқан аумағын қоныс етеді. Қарлұқ конфедерациясына тұхси, әзкіштер, чаруктер, барысхандар, ұйғырлар сияқты көшпелі түрік тілді тайпалары енген.

Х ғасырдың І жартысында қарлұқтардың біріккен тайпалары біртіндеп бөлініп, қағанаттың құлдырау нышандары байқала түсті. Осындай қиын жағдайда шын мәніндегі қауіп-қатер Қарлұқ қағанатына Қашғар жағынан келді. 940 ж. олар қарлұқтардың астанасы Баласағұн қаласын басып алды да, қарлұқ мемлекеті құлады.

Қарлұқтардың археологиялық ескерткіштері туралы деректер аса көп берілмеген. Бірақ, бізге жеткен деректер бойынша, қарлұқ жерінде 25 қала болғаны белгілі, олардың көп бөлігі зерттелген. Жалпы қарлұқтар мүлік-бұйымдары басқа көшпенді тайпалардың бұйымдарынан аса айырмашылығы жоқ. Зерттеу жүргізілген қалаларда жер шаруашылығына қатысты қарапайым заттар тіркелді.

Оғыз.Алғашқы кезеңде оғыздар тайпаларының негізгі пайда болу ошағы Жетісуда орныққан болатын, бірақ батыс жаққа қарай жылжуы есебінен ол Оңтүстік және Батыс Қазақстан аумағындағы көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындардың есебінен айрықша толықтырылды.

Оғыздар арасында, әсіресе дала аумағындағы, монғолоидтық белгілер ене бастады, дегенмен аралас еуропоидты-монғолоидтық және басқа да түрлер кезікті.

Х ғасырдың оғыз мемлекетінің астанасы Янкигент (Жаңа Гузия) болды. IX-XI ғғ. оғыз мемлекетінің жоғарғы лауазымын «жабғу» атағын иеленген басшы басқарды. Оғыз тайпаларының әскербасын «сюбашы» деп атады.

Оғыздар 24 тайпадан құралып, екі фратрияға: бұзұқтар мен ұшұқтарға бөлінеді.

Оғыздар қоғамында жеке меншік қалыптасып дами бастайды, ақсүйек-байлар тобы жеделдете бөлініп шығып жатады. Малға жеке меншік-мүліктік теңсіздіктің негізі болды. Бай ақсүйектермен бірге қауымның қатардағы мүшелері, кедейлер мен құлдар бұқарасы тіршілік етті. Оғыздардың басты шаруашылығы интенсивті түрде мал өсіру болды. Көшпелілермен қатар елде жартылай отырықшы және отырықшы жұрттың жинақты топтары да күн көрген. Дала мен отырықшы-егіншілік зоналарында құл саудасы кеңінен жайылды. Оғыздар негізінде мәжусилер болған, бақсы-балгерлерге табынған. Сонымен бірге оғыздар арасына бірте-бірте ислам діні де ене бастайды.

Оғыздардың археологиялық деректері Батыс Қазақстан мен Сырдария өңірінде тіркелген, бірақ олар оңтүстіктегі орыс ескерткіштерімен салыстырғанда әлдеқайда аз болып табылды. Жерлеу рәсімі кішкене қорғанды елестеткен. Көпшілік жерлеу ғұрпында мүлік болмаған.

Х-ХІ ғғ. шебінде оғыз мемлекеті елеулі дағдарысқа ұшырайды, оған алым-салықты жыртқыштықпен аяусыз жинауға наразылық білдірген оғыз тайпаларының көтерілісі себеп болады. Соңында, оғыз мемлекеті қыпшақ тайпасының шабуылынан құлады. Қыпшақтар талқандаған оғыздардың қалған-құтқаны жүре келе Дешті Қыпшақтың түрік тілді тайпаларының құрамына кіріп сіңісіп кетеді.

Қимақ.VIII-IX ғғ. Ертіс өңірінде қимақ тайпалары пайда болды. VIII ғ. екінші жартысы мен ІХ ғ. бас кезінде қимақ тайпалары Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекендейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Әрі қарай қимақтар тайпаларының аумағы Алтайдан Ертіске, Балқаш көлі мен Жоңғар Алатауына дейінгі жерді алып жатыр. Дәл осы уақытта жеті тайпадан тұратын қимақ федерациясы қалыптасады. ІХ ғасырдың аяғы –Х ғасырдың басында олардың басшысы «қаған» деген атпен аталатын жоғарғы лауазымды иеленді.

Қаған ордасы Имақия қаласы (немесе Қимақия). Қаған ерекше басқару құқығын иеленген, тайпа тұқымынан шыққан басшыларды тағайындаған. Басшылар, сонымен қоса, әскербасылар болған.

ІХ-ХІ ғғ. бас кезінде қимақтарда дәстүрлі ежелгі түркі наным-сенімдері болған. Оның ішінде айрықша орын тепкен Тәңір дәстүрі және арғы ата-бабалар дәстүрі болып саналады. Ерекше жоғарғы деңгейде тараған шамандық наным-сенім болған. Қимақтардың кейбір топтары манихейлікке табынған.

Жоғарғы және ортаңғы Ертіс өзенінің бойындағы қимақ ескерткіштері қорғандық-жерлеу орындарымен көрсетілген. Жерлеу бұйымдары негізіне қару-жарақ құралдары мен керекті бұйымдар жатады, кем дегенде – еңбек құры бар екенің көруге болады.

Ішкі талас-тартыс пен өзіндік шешімге келгісі келген қыпшақ хандарының орталық тенденциясы және де Орталық Азиядағы көшпенді тайпалардың миграциясы Қимақ қағанатының ХІ ғ. біржола құлауына әкеліп соқты.

 

 

3.3 Қарахан, қарақытай, найман және керей мемлекеттері

 

Х ғасырдың ортасында Жетісу аумағында, Шығыс Түркістанның батыс жағында (Қашғар, Жоңғария және Ыстықкөл) Қарахан мемлекеті құрылды. Қарахан мемлекетінің тарихы мен оның құрылуына қарлұқ тайпасының конфедерациясы (қарлұқтармен қоса шұғылы мен яғма) зор рөл атқарды.

Қарахан мемлекетінің негізін салушы Сатұқ Боғра-хан (915-955) болып саналады. Исламды қабылдап және Саманиелдің қолдауына сүйеніп, Сатұқ Боғра-хан Тараз бен Қашғарды бағындырды. 942 ж. Баласағұн қаласындағы билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған ретінде жариялады. Осыдан бастап өзіндік Қарахан мемлекетінің тарихы басталды.

Қарахан мемлекеті жоғарғы құқықты иеленген әулетті басшылары басқаратын бөліктерге жіктелген.

ХІ ғасырдың 30-жылдары мемлекет екі бөлікке бөлініп кетті: орталығы Бұхар болатын батыс хандық және орталығы Баласағұн болатын шығыс хандық. Осыған орай, жеке бөліктерге бөліну Қарахан мемлекетінің құлауына жағдай жасады. ХІІІ ғасырдың бас кезінде Қарахан мемлекеті селжұқтардың соққысынан тарай бастады, соңында мемлекет ретінде жойылды. Қарахан мемлекетінің тарихы осымен бітті.

Қарахан мемлекеті байырғы мемлекеттік биліктің немесе құрылымың жай қайталануы болмады. Мемлекетте әскери басқару мен әкімшілік басқару бір-бірінен бөлінген. Мемлекеттік-әкімшілік құрылым иерархиялық ұстанымға негізделген. Мемлекеттегі маңызды әкімшіл-саяси институт «иқта» болып табылады. «Иқта» уақытша жер феодалдар ескертпелеріні институты болған. Иқта институты Қазақстанның Оңтүстігі мен Оңтүстік-Шығысының шаруашылық және саяси өмірінде елеулі рөл атқарған.

Қарахандықтардың идеологиясында ежелгі түркі діни түсініктері ерекше орын алады. Әрі қарай таралу мақсатында мемлекеттік религия түрінде қағанаттың қабылдаған ислам діні ерекше орын берді. Ислам, мұсылмандық наным-сенімнің көшпенділердің ақсүйек ортасына кіруі ежелгі түркі руналық жазулар мен араб тіліндегі жаңа түркі жазуларына алып келді. Оның бас жетекшісі әйгілі ғалымдар Ю. Баласағұн, М. Қашғари.

Қарақытайлардың құрылуы Орталық Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (цидань, кита, хита) б.з. ІV ғ. жазба деректерде монғол тілді тайпалар ретінде аталған. Олар Қытайдың солтүстік жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесін территориясын мекендеген. Кейін түркі тілдес жергілікті тұрғындармен араласуы нәтижесінде қарақытай атауы бекиді.

Елюй Даши өзінің билігі кезінде, баласағұн басшысын ысырып тастап, Жетісудағы мемлекеттің негізін қалады. Кезекті сәтті жаулап алушылықтан кейін, қарақытай мемлекетінің аумағына Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Мәуреннахр және Шығыс Түркістан кірді.

Қарақытай басшысы гурхан атағын иеленді. Басшы ордасы Баласағұн қаласында орналасқан. Мемлекетте қайта қарастыру жүйесі кірістірілді – әр үйден бір динардан. Бірақ ХІІІ ғасырда Қарақытай мемлекеті өмір сүруін тоқтатты.

Найман тайпасы ғасырдың орта шебінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон өзендерінде қалыптасқан. Ғалымдар «найман» терминінің мәні моңғол тілі тұрғысынан алғанда ашылады. Конфедерацияға енген тайпалар санына қарап, «сегіз» деген сөз деп болжам жасайды. Сегіз-өгіздер Хангай тауының батысынан Тарбағатайға дейінгі аумақты алып жатыр.

Керейіттер туралы алғашқы мағлұматтарды олардың христиан дінін қабылдауына байланысты ХІ ғасырдың соңғы кезеңіне жатқызамыз. Олар Толы өзені, Орхон өзенінің орта ағысы және Онгын өзенінің бассейнін алып жатыр. Шыңғыс ханның жорығы кезеңінде керейіттер Монғолия мен Алтайдың қазіргі территориясын биікте ұстаған.

ХІІ ғасырда қалыптасқан көшпенді орталық-азия тайпалары одан да ірі тайпалардың–наймандар, керейіттердің ұлыс болып қалыптасуына әкелді. Хан, ұлыс басшысы, басқару аппаратын орнатқан, біріншіден хан ордасын басқару органын, оның күзеті мен әскерді басқару командасын қолға алған. ХІІ ғ. ұлыс әскерлері ондық, жүздік, мыңдық болып қалыптасқан отрядтарға бөлінген. Ұлыс ісін атқару «черби» лауазымын иеленген, қызмет көрсететін адамдар атқарған. Найман ұлысында іс-қағаздар жұмысы жүріп жатқан. Қағаздар ұйғыр тілінде жазылған хатымен және ханның белгісімен бекітілген. Керейіттер мен наймандар (негізінде олардың жоғарыдағы басшылары) несториандық түрдегі христиан дінін негізге алған.

ХІІ ғасырдың аяқ кезінде Шыңғысханның саяси өрлеуі басталады, ол татарларды талқандағаннан кейін, 1203 ж. керейіттерді бағындырады, ал 1206 ж. наймандарды жеңеді. Наймандардың ойрандалған тайпалары Күшліктің бастауымен Алтайға келіп, керейіттер мен меркіттер тобына қосылады.

Монғолдар шапқыншылығынан кейін наймандар және керейіттер топтары қалыптасып келе жатқан көптеген түрік халықтары құрамына, оның ішінде қазақ халқына ене бастады.

 

 

3.4 Қыпшақ хандығы (ХІ ғ. басы-1219 ж.)

 

ХІ ғасырдың басында Қимақ қағанаты тарағаннан кейін, қимақ, қыпшақ және қуман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. ХІ ғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның Шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, батысындағы Еділ мен Оңтүстік Оралға дейін, Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік-батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанады.

Қыпшақ этникалық қауымы туысқандық байланыс негізіндегі емес, аумақтық-шаруашылық қатынас негізінде біріккен көптеген тайпалардың базасы арқылы қалыптаса бастаған. Қыпшақтардың батысқа қарай жылжуымен түркі тілдес халықтың толық тобының-қазақтар, қырғыздар, башқұрттар, татарлар және т.б. қалыптасуына негіз болады.

Арал және Сырдария өңірі облыстарында қыпшақтардың басқаруының таралуымен байланысқан этносаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты ХІ ғ. екінші жартысында «Дешті-Қыпшақ» (Қыпшақ даласы) атауы пайда болды. ХІ-ХІІІ ғғ. «қыпшақ» термині арқылы Еуразияның түгел далалық аумағы белгіленді. Қыпшақтардың алып жатқан территориясын орыс жазуларында – половшылар жері деп атады. Еуропалықтар қыпшақтарды половшылар, командар, кундар және т.б. атаған.

Қыпшақ хандарының билігі атадан балаға мұра ретінде берілді. Текті әулеттерді «ел-бөрілі» деп саналы, олардан хан тағайындалды. Хан ордасында хандық әскер мен жерлерді басқаратын хандық басқару аппараты орналасты. Әскери-әкімшілік қатынасқа байланысты Қыпшақ хандығы екі қанатқа бөлінді: оң қанаты–Орал өзені бойында, сол қанаты–Сығанақ қаласында тұрған (Сырдарияда). Оң қанат сол қанаттан гөрі әлдеқайда мықтырақ еді.

Қыпшақ қоғамында әлеуметтік және жіктік жағынан теңсіздік болды. Негізгі теңсіздік белгісі малға жеке меншік қатынасында анықталды. Басты шаруашылық көшпелі мал шаруашылығы болып саналды.

Қыпшақтар Оңтүстік-Сібір түріне (раса) жатты. Қыпшақтар қазақ тіліне ұқсайтын тілде сөйледі. Қыпшақтар тек көшпенді халық қана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да болды.

ХІІІ ғ. қыпшақ қоғамында билікке талас-тартыс, қыпшақ хандарының бір-бірімен өшпенділігі сияқты ішкі келеңсіздіктер көрініс тапты. Қыпшақ хандығы Шыңғыс хан әскерінің шапқыншылықтары салдарынан хандық ретінде құлады.

VІ ғ. соны – ХІІІ ғ. басында Қазақстанмен қоса, Орталық Азия территориясы ежелгі мықты этномәдениеттік қоғамның шеңберіне кірді.