Студенттердің Қарағанды өңіріне танымал кәсіпкер Есенбекұлы Тілеуқабылмен кездесуі


2019 жылдың 10 сәуір күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бас ғимаратының 338 аудиториясында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында студенттермен университетіміздің 1966ж. түлегі болған Қарағанды өңіріне танымал жеке шаруа қожалығы бар, кәсіпкер Есенбекұлы Тілеуқабылмен кездесу өтті.

Есенбекұлы Тілеуқабыл – ұмыт болуға айналған халқымыздың ұлттық дәстүрлерімізді  жандандырып, қоршаған ортаны сақтап қалу жолында көп еңбек сіңірген азамат. Кәсіпкер өзінің жеке қаражатына Ақсу-Аюлы ауылының  айналасындағы 10 тұщы су көзін қамқорлыққа алған. Бүгінгі күні тазартып, ретке келтірген бұлақтарынан аудан тұрғындарымен қоса, жолаушылап келгендер де тұщы су алып кетеді екен.

Сонымен қатар Есенбекұлы Тілеуқабыл көпшілікке халқымыздың төл өнері құсбегілікті қайта жандандырғанымен танымал. Оған осы көріністі көзбен көру үшін елшілер, ғалым-тарихшылар, лингвистер, түрлі елдердің аңшылары келген болатын. Кездесу барысында Есенбекұлы Тілеуқабыл бүркітті, сұңқарды қалай қолға үйретуге болатындығын, аң аулауды оқыту ерекшеліктері жайлы және бүркітшілер мектебін құру туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Сондай-ақ, ол студенттер мен оқытушыларға ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңыздылығы, патриоттық тәрбие берудің маңызы туралы, жастар арасында өзінің «кіші» Отанына деген махаббаты туралы өз ойымен бөлісті.

 

Без рубрики