15 қазан күні ҚарМТУ-да Рухани келісім күні аясында өткізілген «Менің туған өлкем тақырыбындағы бейнебаяндар түріндегі студенттік жобалау жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Үздік әлеуметтік бейнебаяндардың иелері салтанатты түрде марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Жыл сайын өткізілетін бұл байқау жалпыұлттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шегінде ұйымдастырылып, жастар арасында қазақстандық патриотизм рухын көтеру, туған өлкеге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, еліміз аумағында бейбітшілік пен келісімде тұратын түрлі ұлттар арасында қалыптасқан достық пен толеранттылық қарым-қатынасты насихаттау мақсаттарын көздеді.
Байқау 2017 жылдан бастау алған. Оның ұйымдастырушылары – Қарағанды облысының дін істері басқармасы, «Астана Рухани жаңғыру» ЖШС және ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасы.
Биылғы жылы аталмыш сайысқа университетіміздің 1-2 курс студенттері қатысты. Байқаудың бастапқы іріктеу кезеңіне 57 бейнебаян ұсынылып, ақтық кезеңге 16 жоба өтті. Бейнебаяндарға қойылған талаптар: мазмұнында туған жерге деген махаббат, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне деген құрмет тақырыптары ашылып, өңірдің атақты тұлғалары, табиғаты, ерекше тарихи және ескерткіш ғимараттары мен құрылыстары туралы баяндалуы, әңгімеленуі керек. Ұзақтығы 240 секундтан артық болмауы тиіс және бейнебаянға автордың жеке өзі қатысуы қажет.
Сайыс қорытындысы бойынша Тау-кен факультетінің студенттері Адель Оспанова мен Влада Пен І орын алды, Сәулет-құрылыс факультетінің студенті Диас Бектасов ІІ орынды иеленсе, ІІІ орынды Тау-кен факультетінің студенті Эдвард Решетняков иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар байқаудың өзге қатысушылары мен ҚарМТУ басшылығына алғыс хаттар берілді.