Бұл іс-шара жыл сайын болашақ инженер мамандардың бойында еліне деген патриоттық сезімді тәрбиелеу, оларды шығармашылық пен мәдениетке баулу, эстетикалық танымын кеңейтіп, өзара игі қарым-қатынас жасауға үйрету мақсатында ұйымдастырылады.
Ректор балы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Оны өткізу идеясы техникалық университеттің белсенді студент жастарына тиесілі. Оның үлгісінде 2015 жылдан бастап қалалық қайырымдылық балдары, ал 2016 жылдан ҚММУ-нің ректор балы өткізілуде.
Биылғы салтанатты кешке оқуда да, ғылымда да және қоғамдық қызметте де озат болған 65 жұп студент қатысты.
Кештің қадірлі қонақтары ретінде Қарағанды облысы білім беру саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Самойлюк, ҚарМТУ-дың Рухани-адамгершілік кеңесінің мүшелері – ардагер ұстаздар, облыс, қала қоғамдық және жастар ұйымдарының өкілдері, БАҚ өкілдері, студенттердің ата-аналары және білім ордамыздың қызметкерлері келді. Сондай-ақ балға университетте өткен «Қазақстанның ғаламдық бастамалары: жастар көзқарасы» атты үш күндік халықаралық студенттер форумының Ресей, Қытай, Үндістан, Орта Азия (Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) елдерінен келген студенттер делегациясы да қатысты.
Салтанатты би кешінде оқу жылы ішінде жүргізілген іріктеу сайыстарының нәтижесінде белгілі болған «Үздік студент», «Үздік куратор», «Үздік староста», «Үздік топ», «Үздік жатақхана бөлмесі», «Үздік факультет кәсіби бюросы» номинациясының жеңімпаздарына сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Кешті қаламыздың танымал өнер иелері Әкім Думан және Нұргүл Умиртаева жүргізді. Балға қатысушылар кеште үш ай бойы үздіксіз жүргізген дайындықтарының нәтижесі вальс, мазурка, полонеза, менуэт сияқты әдемі биде дөңгеленді. Би өнерінде алдына жан салмаған олар тек жұп болып билеп қана қоймай, қонақтармен де би билеп, шығармашылық нөмірлер де орындады. Студенттердің онлайн дауысқа салуы арқылы 65 жұптың ішіндегі 7 жұп бас жүлдеге талапкер атанды.
Салтанатты шара соңында «Король және Королева» сайысында жеңіп шыққан жұп анықталды. ҚарМТУ ректоры балының биылғы жылғы үздік жұбы Төлеу Темірлан және Смаилова Дамира (Энергетика, автоматика және теле байланыстар факультетінің АиУ-17-2 тобының студенттері) атанды. Ал Шәймүлік Нұрлан (Тау-кен факультетінің ГД-16-1 тобының студенті) және Кусбекова Меруерт (Машина жасау факультетінің МЕТ-15-2 тобының студенті) «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болды.
Би кешінің үздіктеріне демеушілер тарапынан сыйлықтар табысталды.