7 наурыз күні ҚарМТУ кең залында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.


 

Салтанатты шараның ресми бөлімінде университет ректоры Марат Кеңесұлы Ибатов ұжымдағы әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, зор денсаулық,  мол бақыт, береке-бірлік, кенен табыс, қызметте өрлеу, махаббат пен әсемдік тіледі.

–  Бүгінге дейін сіздердің арқаңызда білім ордамыз үлкен  асуларды бағындырып, жетістіктерге жетуде. Сондықтан осынау мереке қарсаңында ортақ мақсатқа сіңірген елеулі еңбектеріңізді атап өтіп, университет үшін жасаған адал да жауапты қызметтеріңіз үшін алғыс айтқым келіп отыр.

Қазіргі таңда әйел азаматтар біздің ұжымымыздың көптеген инфрақұрылымдарында еңбек етуде. Атап айтар болсақ,   ҚарМТУ-дағы жоғары басшылық корпусын, 20 әкімшілік-басқару құрылымдары мен түрлі бөлімдерді, 3 негізгі департаментті, 4 факультетті, 15 кафедраны, Инновациялық технологиялар колледжін сіздер басқарып отырсыздар.  

Онымен қоймай, сіздер  жанұяларыңызға да көңіл бөлуді ұмытпай, балаларыңыз бен туған-туыстарыңыз үшін де уақыт табасыздар. Осы жанкештілік пен табандылықтарыңызға құрметімді білдіремін, — деді ректор.

Биылғы жылы да осынау мереке қарсаңында қалыптасқан дәстүрге сай университеттің түрлі бөлімдері мен құрылымдарында қызмет етіп,  жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 20 қызметкерге басшылық атынан алғыс хаттар табыс етілді.

Сондай-ақ салтанатты кеште залда отырған ханымдарға ризашылықтың символы ретінде гүл шоқтары тарту етілді.

Мерекелік шара студенттердің шығармашылық ұжымдары әзірлеген  концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Студенттер отбасының ұйытқысына, татулық пен келісімнің тірегіне айналған, махаббаттың, сұлулықтың символы саналатын аналардың, ардақты ұстаздарының  құрметіне әндер шырқап, би билеп, ақ тілектерін айтты.

 

Без рубрики