Қарағандыда студент жастарды, еріктірлерді және түрлі мамандық иелерін біріктірген қайырымдылық балы өтті. Бұл шара тек мәдениет пен шығармашылықтың нағыз мерекесі ғана емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік миссия атқарды – жиналған қаражат ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған отбасына көмек көрсетуге бағытталды.
Ерекше қуантатыны – ұйымдастырушылардың, қатысушылардың және хореографтардың басым көпшілігі Saginov Technical University түлектері мен қазіргі студенттері. Білім алумен қатар, олар әлемді жақсырақ етуге ұмтылып, бастамашылдық, жауапкершілік және шығармашылық әлеуетін танытуда. Дәл осы жастар университет қабырғасында бастау алған бал өткізу дәстүрін жаңғыртты.
Іс-шара Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орайластырылып, қала әкімдігі, қоғамдық ұйымдар мен еріктірлер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Дайындық үш айға созылды – қатысушылар тұрақты түрде дайындалып, дағдыларын жетілдіріп, салтанатты кешке мұқият әзірленді. Биылғы балда 60 дебютант, 10 ерікті және 5 хореограф өнер көрсетті. Олар тау-кен және металлургия өнеркәсібі, құрылыс, теміржол, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларындағы жас мамандар.
Шараға Saginov Technical University әкімшілігі, оқытушылары, қызметкерлері мен студенттері қатысты. Олар өз әріптестері мен студенттерін қолдап қана қоймай, сонымен қатар университеттің жай ғана білім ордасы емес, ортақ құндылықтармен біріктірілген үлкен және тату отбасы екенін тағы да дәлелдеді.
Бұл бал – біздің студенттер мен түлектеріміздің дәстүрді сақтап, мәдениетті дамытып, қоғам игілігіне үлес қосып жүргенінің жарқын дәлелі. Біз оларды кәсіби дамып қана қоймай, бастамашылдық, мейірімділік және әлемді жақсартуға деген талпыныс танытқаны үшін мақтан тұтамыз.
Біз сіздермен мақтанамыз!
Сіздердің жетістіктеріңіз – Saginov Technical University түлектерінің тек жоғары деңгейдегі мамандар ғана емес, сондай-ақ үлкен жүректі, әлемді жақсартуға дайын жандар екенін айқындайды. Бұл дәстүр келер ұрпаққа да шабыт беріп, жалғасын таба берсін!