Әлемнің 25 елінен 1200 делегат қатысқан Astana Mining & Metallurgy – 2022 12-ші Халықаралық тау-кен металлургиялық конгресінің ашылуында «Алтын Гефест» ірі салалық ұлттық байқауының қорытындысы шығарылды.
Марапат тау-кен металлургиясындағы ең беделділердің бірі болып саналады және кәсіпқойлар мен жас мамандар үшін ерекше маңызды.
Байқау жеңімпаздарының арасында бес жерлесіміз бар, олардың екеуі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өкілдері.
«Жылдың ғалым-педагогы» номинациясы техника ғылымдарының докторы, ҚазҰЖҒА академигі, ГПҚКОБ кафедрасының профессоры Ю.Н. Пакқа, 400-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 30-дан астам оқулықтар мен оқу құралдарының, 18 монографияның және 50-ден астам авторлық куәліктер мен өнертабыс патенттердің авторына берілді.
«Жылдың үздік дипломдық жұмысы» номинациясы бойынша жеңімпаз БЖД-19-3с тобының студенті Стекольникова Анастасия (дипломдық жұмыстың жетекшісі – КАжЕҚ кафедрасының аға оқытушысы Цешковская Е.А.) болды. Оның өзекті жұмысы тау-кен металлургия өнеркәсібінің күлқож қалдықтарын пайдалануға арналған.
Жеңімпаздарымызды құттықтаймыз және оларға табыс тілейміз!