ҚарМТУ үшін қыркүйек айында ең есте қаларлық шара, ол 21 қыркүйек «Жастар Әлемi» студенттер сарайында өткен «Тілдер күні – Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының достығы мен бірлігінің символы» атты мерекелік концерт. Мерекенің ұйымдастырушылары «Шет тілдер» кафедрасының меңгерушісі кафедра доценті, педагогикалық ғылымдар кандидаты Джантасова Д.Д. және кафедра оқытушысы Изотова А.С.
Бұл іс шара студенттердің мемлекеттік тілмен қатар, орыс және шет тілдерін үйренуге қызығушылықтарын арттыру, әр халықтың мәдениетімен танысу арқылы отансүйгіштікті тәрбиелеу мақсатымен өткізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның тілдік саясаты біздің қонақжай жеріміздегі барлық этникалық топтардың мәдениеті мен мұрасын дамытуға бағытталған. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президентінің 20 қаңтар 1998 жылғы үкіміне қатысты, ана тілі мен туған елге деген сүйіспеншілікті және әр түрлі ұлттардың тілі, мәдениеті жөнінде білімді арттыру барысында 22 қыркүйек Қазақстан елдерінің Тілдер күні мерекесі болып жарияланды. Осы заңға байланысты Қазақстан Республикасының әр азаматы туған тілінде сөйлеуге немесе тілдесуге, білім, тәрбие, шығармашылыққа кез келген тілде қолдануға құқылы. Осыған орай, Тілдер күні еліміздегі барлық азаматтардың достығының, туыстығының, бірлігінің белгісі. Тіл – достықтың тірегі, тіл –халықтарды жақындастыратын ерекше құрал болып табылады.
Концерт жүргізушілері ГД -17-5 тобының студенті Шерубаев Санжар мен СТ 15-2п тобының студенті Успан Томирис оқытушылар мен студенттерді 3 тілде құттықтады және содан кейін мемлекеттік гимн ойнатылды.
АҚШ елшілігі мен English Language Fellow бағдарламасының өкілі, гуманитарлық ғылымдар магистры Бенджамин Тейлор концертте алғашқы болып құттықтап, сөз сөйледі. Жүргізушілер қонақтарға 3 тілде өлеңдер оқып, мереке жайында айтты. 1 және 2 курстың талантты студенттері сахнада өз өнерлерін көрсетті. Алғашқы болып «Туған жерiм» әнімен ИС 17-1 тобының студенттері Жолтаева Гүлден мен Серікова Айдана шықты. Мет 17-1 тобының студенті Қызырақынов Бексұлтан домбырада керемет өнер көрсетті. МАШ 16-1п тобының студенті Мағзұмбаев Алихан «Attention» әнін ТТ16-1с тобының студенті Түгелбаев Мараттың гитарада сүйемелдеуімен орындап шықты. Сонымен қатар испан және орыс тілдерінде ВТ 17-2 тобының студенті Асатов Қанаттың орындауында ән шырқалды. Бұдан басқа көрермендер қазақ, өзбек, үнді билерін тамашалады. ТТ 17-1 тобының студенті Айтұбарұлы Асылбек қазақ тілінде заманауи ән орындады. ГД 17-5 тобының студенті Мейрамбаев Султанбек ана тілі жайында өлең оқыса, Куныдилов Ырыспек пен Мухамбедияров Муслим «Атамекен» әнімен көрерменді таңқалдырды. Концерттік шараның соңында барлық қатысушыларға грамоталар берілді. Бұл мерекелік концерт өте қызықты, жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушыларға үлкен алғысымызды білдіреміз!