5 және 6 сәуір күндері Қарағанды көрсемсурет мұражайында «Абитуриент — 2017» түлектерге арналған жәрмеңке өтті. Жәрмеңкеде болашақ түлектер мен олардың ата-аналары отандық және шетелдік орта кәсіптік және жоғарғы оқу орындары ұсынып отырған білім беру қызметтерінің сан-саласымен танысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрмені «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» АҚ ұйымдастырды.
Аталмыш жәрмеңкенің қаламызда өтуі жыл сайынғы дәстүрге айналған. Өйткені әр оқу жылының соңына қарай түлектер осында ағылып, өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша оқытатын білім ұйымдары жайлы ақпарат алады. Өз балаларының тағдырына бей-жай қарамайтын ата-аналар да, мектеп мұғалімдері де болашақ түлектерді осы жәрмеңкеге жетектеп әкеліп, колледж және ЖОО ұсынып отырған салалық мамандық түрлері жайлы мәліметтерін барынша кеңейтуге тырысады.
Жәрмеңкенің жыл сайынғы қатысушысы ҚарМТУ стендтерінің алдында әдеттегідей түлектер қатары жиі. Бұған «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» АҚ-ның төрағасы Үмітжан Амандықова да таң қалмайды. Себебі маманның айтуынша, ескіге қарағанда түлектердің мамандық таңдау басымдықтарында елеулі өзгерістер орын алған.
«Бұл жәрмеңке-көрмені біз осымен он сегізінше рет өткізудеміз.Жыл сайын оған алты мыңнан астам адам қатысады. Осы мерзім ішінде, әсіресе, соңғы жылдары бір өзгеріс байқалуда. Егер бұрын бітіруші түлектер арасында экономист және құқықтану мамандығына деген сұраныс көп болса, кейінгі төрт жылда оқушылардың техникалық мамандықтарды игеруге деген қызығушылығының басым бола түскені айқын көрініс беруде. Тіпті, түлектермен қоса олардың ата-аналары да IT саласындағы мамандықтарды таңдауына демеу береді. Бұның өзіндік себептері бар. Ең бастысы – жұмыс табу. Өздеріңізге белгілі, қазір құқық және экономика саласындағы еңбек нарығында сұранысқа қарағанда өтінім көп. Ал жаңа заман ауанына сай компьютерлік технология мамандарына әрдайым жұмыс бар. Екінші бір себеп – әрине, колледж және ЖОО таңдауда басым түсетін ата-ананың ықпалы, -деді Үмітжан Балқшабайқызы.
Жәрмеңке 6 сәуір күні соңына ерді.