ҚарМТУ студенттері қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруді талқылады


Қазақ әліпбиін кириллица қарпінен латын қарпіне көшіру мәселесі бүгінгі таңда республика көлемінде кеңінен талқыланып жатқан қиын да көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Ел өміріндегі елеулі өзгерістерге үн қосу үшін Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері бұл тақырып төңірегінде 2 қазан күні өткен «Ғылыми жетістіктердің жаңа символикасы» атты конференцияда ой бөлісті.

Конференцияны білім ордамыздың ғылым жөніндегі проректоры Сергей Ожигин,  Ғылым және инновациялар департаментінің директоры, доцент Олег Муравьев, «Пайдалы қазбалар кен орындарын өңдеу» кафедрасының  профессоры, т.ғ.д., Туяк Исабек және «Экономика және кәсіпорын менеджменті» кафедрасының меңгерушісі, профессоры   Бура Ахметжанов ұйымдастырды. «Пайдалы қазбалар кен орындарын өңдеу» кафедрасының  профессоры Ибадулла Арыстан  басқосуды жүргізді.

Студенттер конференцияға қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру процесінің маңызы жайлы баяндамаларын ұсынып, аудиторияның сұрақтарына жауап берді. «Латын қарпіне көшірудің республикалық жоспары» тақырыбындағы мәліметтерге шолуды СТ-14-1П тобының студенті Татьяна Гордеева жасады.  Қазақ тілінің даму эволюциясы және ана тілімізді  латын қарпіне көшірудің   бүгінгі әлемдік жаһандану кезіндегі жағдайы туралы ФИЭМ-15-3 тобының студенті Мирас Жиенбаев түсіндіріп берді. Оның бұл ойын ОП-15-6 тобының студенті Фариза Канат жалғастырып, ол түркі тілді елдердің  тарихындағы жазуды латын қарпіне ауыстыру кезеңдері және бұл процестің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталды. ОПИ-16-2 тобының студенті Зарина Шапенова мен МЕТ-14-1П тобының студенттері Айжан Таубебаева  еліміздің әлемде орын алып жатқан ғылыми процестерге еркін қатысуы үшін реформа ұсынатын мүмкіндіктерге тоқталып, ҚарМТУ студентерінің бұл тұрғыда жасамақшы ғылыми жобалар жоспары жайлы пікірлерін білдірді.

Конференция жұмысына  Энергетика, телебайланыс және автоматика, Машина жасау факультеттерінің  магистранттары мен  студенттері қатысты.

Без рубрики