СИНГАПУР: ЖАСТАР ПІКІРТАЛАС АЛАҢЫНДА


Бертінге дейін Қазақстан студенттері география оқулықтарынан көзтаныс болған, шалғай әрі экзотикалық елдерге сапарлап, армандарына қол жеткізе алар ма еді? Ал қазір бұл арман – бүгінгі ұрпақ үшін тың мүмкіндік.

Сөзіміздің кейінгі жарқын мысалы – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Сабина Әміртайдың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Сингапур шаһар-мемлекетіне жасаған сапары.

Мұнда 23-31-шілде аралығында NTU-USP ұйымдастырған және Сабина қатысқан Tevasek Foundation қорының қолдауымен аймақтық мәселелер бойынша жастар диалогы өткен болатын. Сингапурлық «Youth Regional Affairs Dialogue 2022» бағдарламасы аясында өткен Азиядағы университеттер студенттеріне арналған платформа негізінде, жас білімгерлер өздерінің көшбасшылық дағдыларын жақсартуға және геосаясат саласындағы білімдерін байытуға мүмкіндік алады.

Тоғыз күн бойы бағдарлама қатысушылары Азияның геосаяси құрылымымен танысып, экономикаға, саясатқа, қоғамға қатысты қызу пікірталастар өткізіп, қарапайым да әсерлі әңгімелер барысында көптеген жаңа және қызықты жайттарға қанықты. Осылайша, пікірталас алаңында мәдениетаралық қарым-қатынас орнап қана қоймай, шын мәнісіндегі тараптардың мәдени мәйектен нәр алған пайдалы шара болды. Мұның арқасында жас тәлімгерлер ерекше назар аударылған әлеуметтік бірлестік тақырыбы бойынша ғана емес, сонымен қатар, сала аралық мәселелер бойынша да білімдерін, тереңдете түсті. Атап айтқанда: мәдениет және бірегейлік; табыстар мен әлеуметтік ұтқырлық теңсіздігі; ұрпақтар сабақтастығындағы өсіп келе жатқан алшақтық; денсаулық сақтау және әл-ауқат және т.б. Жоғарыда баяндалғаннан-ақ талқыға түскен  мәселелер шеңбері қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады.

Жалпылай алғанда жастар диалогына әлемнің 23 елінен 73 адам қатысты.

Без рубрики