Алматы қаласындағы Абай атындағы ұлттық педагогика университеті, Академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі форматта кафедрасының ұйымдастырумен 2024 жылдың қазан айында «ҮШ БӘЙТЕРЕК: ТАҒДЫР МЕН ТАҒЫЛЫМ» атты Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына-130 жыл толуына арналған студенттер арасында Халықаралық онлайн форматта телекөпір өтті.
Мақсаты: Өткен ғасырдағы аумалы-төкпелі заманда ел үшін ерінбей еңбек етіп, артына мол рухани қазына қалдырған көрнекті тарихи тұлғаларды студенттерге насихаттау; — Студенттерге ұлағатты адамдардың өмірімен, шығармашылық жолымен таныстыру, азаматтық тұлғасын таныту.
Талданатын тақырып аясы: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің шығармашылығы мен олардың қоғамдағы рөлі туралы.
Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. «Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты. Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегінде жол тапты.
Аталмыш іс-шараға Қазақстан, Ресей, Қырғыз елдерінің ЖОО ғалымдары, магистранттары мен студенттерімен қоса, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісінің м.а., доцент Қ.М. Хамзина мен педагогика ғылымдарының магистрі А.Д. Беккулова студенттер мен магистранттарға жетекшілік жасап, мазмұнды баяндамаларын ортаға салды.
Қайраткерлердің өмір жолдары мен шығармашылығы жайлы ой-пікірлерімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа ой саларлық өсиеттерін арнады. Себебі, ұлт тұлғаларының есімі мен бейнесі бүгінгі ұрпақ жадынан орын алуға әбден лайық. Халықаралық телекөпір жастар үшін тағылымды жиын болды.
Қ.М. Хамзинаның жетекшілігімен СМ-23-2 тобының магистранты Алексей Ловягин, А.Д.Беккулованың жетекшілігімен Сиб-23-6 тобының студенті Боранқұлов Берген қатысып, арнайы сертификаттармен марапатталды.