2017 жылдың 7 қарашасы күні «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдері 2017 жылы бітіретін ҚарМТУ түлектерін компанияның «Жас Өркен» тағылымдама бағдарламасына қатысуға шақырып, осы мақсатта білім ордамыдың бас корпусында кездесу өткізді.
«Жас Өркен» бағдарламасы – бұл «Самұрық-Қазына» Акционерлік Қоғамының ЖОО-ның талантты түлектерін тарту, іріктеу, тағылымдамадан өткізу, оқыту және дамыту бастамасы. Іріктеу кезінде сайыстың негізгі қағидаттары: барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндік, ашықтық пен меритократия болып табылады.
- Бұл сайысты «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті ұйымдастырады. Дарынды жас мамандарды тағылымдама бағдарламасына шақыру компания тарихында екінші рет өткізіліп отыр. Сайыс үш кезеңнен тұрады: біріншісін қатысушылар online түрде өтеді, екінші кезең республика аймақтарында ұйымдастырылады, ал үшіншісі – Астана қаласындағы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде болмақ. Қатысуға бакалавриат және магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО-ның 2017 жылғы түлектері шақырылады. Былтыр осы бағдарлама бойынша Қазақстан және шетел мемлекеттерінде оқып жатқан өзіміздің студенттеріміздің ішінен 20 жас маманды іріктеп алған болатынбыз. Соның ішіндегі үш түлек – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері. Олар Әділ Жапарғалиев (тау-кен ісі, магистартура), Ернат Абеуов және Айжан Сейтжанова (Ақпараттық жүйелер қауіпсіздігі мамандығы), — дейді «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Корпоративті оқыту бойынша директоры Ақмарал Қадырбаева.
Былтырғы жеңімпаздар сияқты биылғы жылдың да 20 жеңімпазы «Самұрық-Қазына» корпоративтік университетінде білімін жетілдіріп, 2 жыл бойы тағылымдамадан өтуге Қазақстанның жетекші ұлттық компанияларына жіберіледі. Осы кезең бойы тағылымгерлерге шәкіртақы, тағылымдану орнына жолақысы және тұрақтау ақысы төленіп, жас маманға компанияның тәжірибелі топ-менеджерлерінің ішінен тәлімгер бекітіледі. Нәтижесінде тағылымдамадан сәтті өткен үздік түлектер жетекші ұлттық компанияларда қызмет ететін болады.
- Мен де осы залда отырған көпшілігіңіз сияқты 2015 жылы университетімізде магистратура бітіретін жылы бұл жобаның сенімділігіне күмән келтірген болатынмын. Қалың көпшілік сияқты «қалталылардың» баласы мен жоғарыда «көкесі» барлар ғана өте алатын шығар деп ойлаған едім. Алайда сайысқа өтінім жіберіп, кезеңдерден өту барысында бағдарламаның біз сияқты жастар үшін шын дәрежеде үлкен мүмкіндік екеніне көз жеткіздім. Мен үшін ең қиыны тағылымгердің қызметке жарамдылығын тексеретін психологиялық тапсырмаларды орындайтын тесттен өту болды. Ал соңғы турда сайысқа құжат тапсырған отандық және алыс-жақын шет елдерде білім алып жатқан 600 үміткердің ішінен 20-дан астам жастарды компанияның аға буын қызметкерлерімен сұқбаттасу өтті. Солардың ішінде 3 түлек – өзім білім алған ҚарМТУ-дың түлектері болғандығы мен үшін үлкен мәртебе еді. Сондықтан биылғы жылғы сайысқа сіздерді жасқанбай, сайысқа қатысуға шақырамын, — деді «Жас өркен» жобасының тағылымгері, университетіміздің түлегі Әділ Жапарғалиев.
Ескерте айта кетсек, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «Жас Өркен» тағылымдамасына қатысуға өтінімдерді тіркеп қабылдау – бағдарламаның www.skcu.kz/zhasorken ресми сайтында 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін жүргізіеді.