Желтоқсан айының бірінші онкүндігінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасы, Фрайберг тау-кен академиясының Германия техникалық университеті (Technical University of Bergakademie Freiberg) және Австрия Леобен тау-кен университеті (Montanuniversität Leoben) Erasmus+ халықаралық білім беру жобасы шеңберінде магистратураның «Минералды ресурстарды перспективалы игеру» бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыру туралы үшжақты келісімге қол қойды.
Келісімге қол қою рәсімі 4 желтоқсан – Халықаралық Әулие Барбара күнін мерекелеумен тұспа-тұс келді. Еуропа елдерінің университеттеріндегі бұл Әулие кеншілер мен шахтерлердің қамқоршысы болып есептеледі.
Жоба 2025 жылдың қаңтарынан басталады және 2027 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Магистратураның бірлескен білім беру бағдарламасы шетелде бірегей оқу тәжірибесін жинақтауға, білім алушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оларға жаңа елмен және оның мәдениетімен танысуға, сондай-ақ «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасының халықаралық ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді.