Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қазіргі заманғы сілтілеу әдістеріне және олардың Қазақстанның кен-металлургия секторында қолданылуына арналған ғылыми-технологиялық сессия өтуде. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс корпорациясы» бірлесіп ұйымдастырды. Сессия жұмысына жетекші ғалымдар, салалық сарапшылар мен бизнес өкілдері қатысып, гидрометаллургия саласындағы заманауи технологияларды талқылауда.
Сессия бағдарламасы аясында пленарлық отырыстар, отандық және шетелдік мамандардың баяндамалары, сондай-ақ шаймалау саласындағы инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған пікірталастар өтеді. Қатысушылар мыс кендерін жерасты және жерүсті шаймалау перспективаларын, ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізу мәселелерін және жаңа технологияларды коммерцияландыру мүмкіндіктерін қарастыруда. Әсіресе, ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігіне ерекше көңіл бөлінуде.
Сессияның ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты. Министр мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтіп, ғылыми-технологиялық сессиялар ғылым мен өнеркәсіптің ынтымақтастығының жаңа форматы екенін ерекше айтты.
— Бүгін Қарағандыда маңызды шара – біз ірі кәсіпорындармен серіктестікте өткізіп отырған сегізінші хакатон өтуде. Біз ғылымды қаржыландыру моделін және Қазақстандағы ғылыми-технологиялық саясатты жүзеге асыру тәсілін түбегейлі өзгертудеміз. Енді ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының мамандары өндірістік кәсіпорындармен тікелей байланысып, инновациялық шешімдерді қажет ететін нақты мәселелерді анықтайды. Бұл жаңа ынтымақтастық форматы өзінің тиімділігін дәлелдеді, ал еліміздің жетекші корпорациялары ғылымның прогрестің қозғаушы күші екенін түсінді. Біздің мақсатымыз – өнеркәсіптік компанияларға жаңа технологиялық деңгейге көтерілуге көмектесу, олардың ғылым мен технологияларды дамыту арқылы ел экономикасына қосқан үлесін арттыру, – деді Саясат Нұрбек.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Сауле Сагинтаева бұл іс-шараның Қазақстанның кен-металлургия кешенін дамытудағы маңыздылығын атап өтті:
— Бүгін біздің университет еліміздің кен-металлургия саласындағы өзекті мәселелер мен болашақ даму перспективаларын талқылайтын алаңға айналды. Бұл ғылыми-технологиялық сессияның басты бағыттарының бірі – шаймалау әдістерін жетілдіру және оларды өнеркәсіптік процестерге интеграциялау. Бұл жай ғана ғылыми талқылау емес, еліміздің кен-металлургия кешені үшін серпінді технологияларға айналуы мүмкін нақты шешімдерді іздеу. Барлық қатысушыларға жемісті жұмыс пен нақты, конструктивті шешімдер қабылдауды тілеймін.
Сессия барысында екі күн бойы қатысушылар ғылыми баяндамаларын ұсынып, заманауи технологияларды қолдану тәжірибесімен бөліседі және инновациялық шешімдердің прототиптерін әзірлейді.
Сессия қорытындысы бойынша әзірленген прототиптер мен жобалық шешімдер таныстырылып, оларды өнеркәсіпте қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.
Айта кетейік, хакатон аясында өндірісте сәтті енгізілген Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ ғалымдарының ғылыми жобаларының көрмесі де ұйымдастырылды.