АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ – ҰЛТ ЖЕТІСТІГІНІҢ КЕПІЛІ


2020 жылдың 27 мамырында онлайн-режимде өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев негізгі әлеуметтік салаларды реформалауға бағытталған стратегиялық маңызды бастамалар кешенін атап өтті. Бұл ретте экономиканың маңызды саласы ретінде білім беруге ерекше көңіл бөлінді.

Ел жетістігінің басты өлшемі адами капитал болып табылатынын атап өткен Мемлекет басшысы Кеңес мүшелерінің назарын білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігіне аударды. Бұл саланы дамыту тұтастай алғанда барлық мемлекеттік саясатты айқындайтын болғандықтан, ҚР Білім және ғылым министрлігі салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын органның функцияларын алады. Осылайша, мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру үшін 2021 жылдан бастап Тіл комитетін ҚР БҒМ-ге беру ұсынылды. Бұл қазақ тілі әдістемесін әзірлеу және оқыту саласындағы барлық мемлекеттік әлеуетті біртұтас орталыққа шоғырландыруға, енгізілетін білім беру бағдарламаларының табыстылығын талдау және мониторинг жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Министрлік қазақстандық білім мен ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша, оның ішінде бірнеше миллион мектеп оқушысы, колледж оқушылары мен ЖОО студенттері, педагогтер мен ғалымдар онлайн режимге көшу жағдайында үлкен және нәтижелі жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар, білім беру, мамандар даярлау және ғылыми зерттеулердің әлемдік деңгейіне қол жеткізу мақсатында біздің Президентіміз мемлекеттік қолдаудың теңдессіз шараларын ұсынды. Олардың ішінде білім беруге жұмсалатын шығындардың алты есеге артуын және ғылымға жұмсалатын шығындардың жеті есеге артуын атап өту қажет. Төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақысын екі есе ұлғайту қарастырылған.

Жоғары білім беру жүйесі жаңа даму бағыттары мен қуатты ынталандырудың үлкен кешеніне ие болатыны қуанышты. Сонымен, еліміздің 10 тірек ЖОО-да Академиялық басымдықтар орталықтарын құру жоспарлануда, бірқатар қазақстандық университеттер базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустары ашылады, бес жыл ішінде кемінде 90 мың орындық жайлы студенттік жатақханалар салынады.

Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесіне үлкен әлеуметтік компонент қаланады. Талапкердің академиялық жетістіктерімен қатар оның әлеуметтік-экономикалық мәртебесі ескерілетін болады. Мемлекет басшысы сондай-ақ «әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен табысы төмен отбасылардан шыққан жастар үшін грант санын ұлғайту туралы мәселені қарауды» ұсынды.

Бұл ретте академиялық адалдық мәдениетін енгізу және жан-жақты дамыту білім сапасын арттырудың маңызды аспектісі болуға тиіс. ЖОО-на қойылатын талаптарды арттыру және бәсекелестік ортаны құру шеңберінде олар өз қызметінің нәтижелеріне байланысты әр-түрлі лигаларға жатқызылатын болады.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушылары, қызметкерлері, студенттері, магистранттары мен докторанттарының мыңдаған ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың әлеуметтік саланы одан әрі дамыту жөніндегі жаңа бастамаларын толық қолдайды және мамандар даярлау және ғылыми зерттеулер сапасын арттыру бойынша қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін барлық күш-жігерін салады. 

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты М.К. ИБАТОВ

Без рубрики