Қазан айының 2 жұлдызында университетіміздің бас корпусындағы мәжіліс залында ҚарМТУ ардагері Серафима Григорьевна Пономареваның 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылған Ғылыми кеңестің салтанатты жиыны өтті.
Серафима Григорьевнаның есімі тек ҚарМТУ студенттері мен оқытушыларының ғана емес, облыс жұртшылығына мәлім. Табиғатынан сыпайы, қарапайым Серафима Григорьевнаны көргенде, сонау ер етігімен су кешкен Ұлы Отан соғысындағы қан майданның алғы шептерінде солдаттармен қатар жүріп, Отан қорғауға ат салысқан, бертін кездегі бейбіт заманда білім саласында қызмет істеп ұрпақ тәрбиесіне бар өмірін арнаған қайратты да қайсар тұлға екенін аңғара бермейміз. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде көп жылдар бойы шетел тілдерінен дәріс беріп, оқытушылық қызмет атқарған бұл жан – университет ұжымы ерекше қадірлеп, өмірін ұрпаққа өнеге қылып, құрмет тұтатын ардагерлердің бірі.
Салтанатты жиында Серафима Григорьевнаны алғашқы болып құттықтаған білім ордамыздың басшысы Марат Кеңесұлы Ибатов, өз сөзінде ардагердің соғыс жылдарында көрсеткен қайсарлығы мен бейбіт замандағы қызметтегі табандылығы жайлы әңгімелеп, 90 жасқа толу мерейтойын атап өтудің маңызына тоқталды. Содан кейін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымының басшысы Татьяна Филипповна Самойлюк, «Ардагерлер ұйымы» Қазақстан Республикасы ардагерлері ұйымының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Федор Прокопьевич Ермаков, Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Александра Прокопьевна Слеповалардың әрқайсысы мерейтой иесі жайлы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жаны жайсаң жанның өміріне деген таңданысы мен қошаметтерін жасырмады. Серафима Григорьевна 22 жыл бойы тынбай еңбек еткен Машина жасау факультетінің оқытушылары да мерейтой иесіне арнаған ыстық тілектерін айтып, әзірлеген сый-сыяпаттарын ұсынды.
Екі ғасырдың тарихи кезеңдерін басынан өткерген ардагердің өмірі мен еңбегін естелік ретінде болашақ ұрпаққа сақтап-жеткізуді мақсат еткен университет ұжымы Серафима Григорьевнаның өмірі жайлы түсірілген бейнефильмді мәжіліске жиналған жұртшылыққа көрсетіп, өмірбаяны жазылған кітапшалар таратты.
Мерекелік жиын соңында қатысушылар ІІ дүниежүзілік соғыс уақытында қаршадай кезінен (17 жас) атақты маршал Жуковтың әскери қарамағында, ал жеңістен кейін әлемге әйгілі Нюрнберг сотында аудармашы болып қызмет еткен ардагермен емін-еркін сұқбаттасып, Серафима Григорьевнаға құрмет-қошаметтерін білдіріп жатты.
Өмірін Отан қорғау мен білім саласына арнаған ардагер, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Серафима Григорьевна I және II дәрежелі ҰОС ордендерінің, Варшаваны азат ету мен Берлинді алғаны үшін медальдарының иесі.