2017 жылдың 24 қазанында «Жастар әлемі» студенттер сарайында жастарға елімізде мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік қолдау бағдарламаларын түсіндіру мақсатында семинар өтті.
Семинарға жергілікті атқарушы билік пен жұмыспен қамту орталығының мамандары, Қарағанды облысының «Келешек» Жастар кеңесі, Қарағанды облыстық ғылым және білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жастар ісі жөніндегі кеңесінің қызметкерлері және ҚарМТУ оқытушылары қатысты. Олар ҚарМТУ, ҚЭУ, ҚММУ, Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі, Темиртау политехникалық, Медицина колледждерінің студенттеріне мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді талдап айтып берді.
Қарағанды жастар ресурстық орталығының қызметкері Алена Фрибус студенттерге жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, елімізде жұмыс істейтін мемлекеттік бағдарламалар, республикалық жобаларға қатысу үшін қажетті қандай құжат жинау жайлы мәліметтер ұсынды.
Қарағанды облысының «Келешек» Жастар кеңесінің төрағасы Дария Хамитжанова студенттерге «кәсіподақ», «Еңбек шарты», «Еңбек заңнамасы» терминдерінің мағынасын түсіндіріп, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді қазірден бастап қолданған жөн деді.
Қазақстан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Айнур Сулейменова студенттерді жұмысқа орналасумен қатар қатты алаңдататын баспана алу мәселесіне тоқталды. Ол банк тарапынан жас отбасыларға арнайы ұйымдастырылған бағдарламаларды түсіндірді.