Оқылды: 155
Тамыздың соңғы жексенбісі – Шахтерлер күні қарсаңында КСРО Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, белгілі қоғам қайраткері, «Ленин», «Қызыл Ту», «Достық», «Құрмет» ордендерінің, «Кеншілер даңқы» белгісінің толық иегері, Қазақстанның Құрметті кеншісі, Қарағанды облысы, Қарағанды, Шахтинск және Саран қалаларының Құрметті азаматы, ғалым, профессор, 60-тан астам еңбек пен патенттердің авторы Николай Дрижд ақсақалды арнайы іздеп барған едік. Алдын ала келісілмесе де, тура ҚарМТУ-ге тарттым. Сағат – таңғы 9.00. «Оқу маусымы бастала қоймаған тамыз айы ғой, білім ордасында болмай шықса қайтем?» деген ой тағы бар. Десе де, университет кіреберісіндегі күзетшіге «Николай Дрижд қай кабинетте?» дей бергенім сол еді, «Оны қайтпексің?» деген қарлығыңқы дауыс гүр ете түсті желке тұсымда. Жалт қарасам, ардагер шахтердің өзі тұр. Аз-кем жөн сұрасқан соң, соңымнан ер дегендей ишарат білдіріп, алдыма түсіп аяңдай берді. Елпілдеп еріп келем. Таяқ ұстады демесең, үшінші қабатқа еркін көтерілді. Тың. «Қайраты қайтпаған екен» дедім ішімнен. Кабинет есігін ашып, «отыр» дегендей орындықты нұсқады. Өзі қарсы жайғасты. «Тым жас көрінеді екенсің. Газетте жүргеніңе көп болды ма?». «Үш-төрт жыл». «Ойыңды жинақтай алмай отырған сияқтысың. Қоятын сұрағың болса қоя бер. Қысылма». Сол сол-ақ екен, құрысым жазылып сала берсін…
«117 мыңнан аса шахтерден қалғаны – 13-15 мың»
– Николай Александрович, сөз бастамас бұрын алда келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Саналы ғұмырыңызды көмір өндірісі саласына арнағаныңызды ескерсек, бұл қызметтің қыр-сырын бір кісідей білетін боларсыз?
– Рахмет. Десе де, осынау төл мереке жақындаған сайын көңілім алабұртады да тұрады. Неге дейсіз ғой? Айтайын. Бір кездері өңірімізде 117 мың шахтер бар еді. Қазір 13-15 мың ғана кездестіресіз. Бұл – көмір өндірісінің оңтайланып, не болмаса «қара маржанның» сұранысы азайғандықтан емес. Қарағанды көмірі қашан да сұраныста. Бұрын да солай болған, қазір де солай, кейін де солай бола бермек. Бұл – аймағымызда ардақты мамандыққа деген көңіл бөлушілік жетіспей тұрғанының белгісі. Әрине, Кеңес үкіметі кезеңінде де көмір өндірісінің құлдыраған һәм шарықтаған тұстары болды. Бірақ, дәл бүгінгідей емес. Сондықтан, шымбайыма бататыны – шахтерлердің азайғаны. Бәлкім, ол олқылықтың да орны толар. Соған сенгім келеді.
– Бұған бірнеше шахтаның жабылуы себеп болған болар?
– Ол да бар. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары шахталар жау қолына түспес үшін жарып жіберіп отырған екен. Бірақ, қалай қалпына келтіруге болатынын біліп барып жарған ғой. Тәубе, қазір төбемізден бомба жауып жатқан жоқ. Десе де, бей-берекет жарылған шахталарды көзім көрді. Ол бөлек әңгіме. Енді мынаны қараңыз, Одақ құрамында болғанымызда өңіріміз жылына 57 миллион тоннаға дейін көмір өндіретін. Қазір бұл көрсеткіш жылына 10 млн. тоннаға дейін азайды. Қалған 47 миллионнан қағылдық деген сөз емес пе? Алайда, осы күні Ресейде жылына 3 млн. тонна өндірілсе, рекорд саналады. Ал, біз үшін 10 миллионның өзі қалыпты жағдайға айналды.
– Социализмнің өзінде болған құлдырау капитализмде қайтсе де болары анық. Кеңес үкіметі тұсында да шахтерлеріміз талай тапшылық көрген жоқ па?
– Дұрыс айтасың. 1979 жылы «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің директоры болып тағайындалдым. Бұл тұста өңір шахтерлерінің жағдайы мәз емес-тұғын. Басты себеп – өндіріс жоспарларының тым асыра сілтенуі мен көмір өндірісінің қиындап, жер қойнауына тереңдеп кетуінде еді. Жоғарыдан келіп түсетін талап қатаң. Жоспардан жаңылысуыңа жол жоқ. Осы тұста қайткен күннің өзінде өндірісті оңтайландыруды ойға алдым. Яғни, жер асты және ашық қазудың ілгері технологиялық сызбасын дайындау мен енгізу, қабаттарды белдеулік өңдеу, тасымалдау ағымын шоғырландыру, барлау және пайдалану кеніштерінің құырылысын ұйымдастыру, тау-кен қазбаларын қауіпсіз әрі тиімді пайдалануды арттыратын дайындық қазбаларын қорғау, жер асты кенін тиімді пайдалану тағысын тағы. Алайда, ең басты алғышарт – жаңа кен орындарын ашу еді. Бірақ, геологиялық-зерттеу жұмыстары да мемлекет қалтасын қақпай қоймайды. Оған рұқсат алу да қиямет-қайым.
«Осы күні талай отбасы вахтадан ыдырап жатыр»
– «Шұбаркөл» сонда пайда болды ма?
– Жоқ. Алдымен, қазіргі күні «Борлы» разрезі атанып кеткен орынға көзіміз түсті. Негізі, бөрі апаны көп жер ғой. Шынтуайтында Бөрілі болса керек. Сөйтіп, көмір бары анықталды. Бірақ, көмірдің орналасқан тереңдігі мен қорын болжап білу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет еді. Жоғарыда айтқанымдай, оған қаражат бөлу мәселесі көп уақытты, шыдамдылық пен жігерді талап етеді. Содан не керек, тәуекелге бел байладым. Нақты қор көлемін атамасам да, министр мырзаларды «Борлыда» көмір барына, оны қазу жұмыстарын жуық арада бастау қажеттігіне көндірдім.
– Шахта құрылысына шындап кіріскен екенсіз ғой?
– Өйтпеске болды ма? Ол кезде «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің бір топ жобалаушылары да бар-тын. Жолай шахта құрылысының нобайын сыздық. Дереу қызу жұмыс басталды да кетті. Құрылысы былай тұрсын, шахта іргесін қалап жатқан тұста бірден көмір табылмасы бар ма? Бір мезгілде әрі көмір қазып, әрі құрылыс жүргізуге, бұл аз десеңіз, көмір қорын анықтайтын геологиялық зерттеу жасауға тура келді. Аға буын әріптестеріңіз газет беттерінде ғайбаттап жазған мақалалар да аз жарияланбады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады». Оған да көндім. Көнгенім былай тұрсын, өсек-аяңға ермей, керісінше, шахтерлер тұрмысын жақсартуға тырыстым.
– Мәселен?
– Мәселен, кеншілер қалалары мен поселкелерін жайластыруға, әлеуметтік-мәдени тұрмыс нысандары құрылысына үлкен назар аудардым. Шахтерлерді үй-жаймен, ет, сүт, нан, балық өнімдері сынды азық-түлікпен, түрлі қоймалармен қамтамасыз етуге барымды салдым. Көптеген отбасыларды көшіруге талпыныс жасадым. Жалпы, өз басым, вахталық жұмыс тәртібі болуына қарсымын. Шахтер еңбек ететін өлкесінде тұруы тиіс, меніңше. Осы күні талай отбасы вахталық жұмыс кесірінен ыдырап жатқан жоқ па? Ал, егер отбасы қасында, барлық жағдайы жасалған болса, ондай олқылықтың да орны толмас па еді? Міне, мәселе қайда жатыр.
«Сарыарқа» әуежайы, «Құрылыс» ауылы маңында қоңыр көмір бар. Бірақ…»
– Ойланарлық жайт. «Борлы» разрезінен кейін атақты «Шұбаркөлге» қол жалғаған боларсыз?
– Жоқ. Тағы да таппадың. Жоғарыда айтқанымдай, жоспарды тиімді орындау үшін бір ғана «Борлы» разрезін ашу жеткіліксіз еді. Зерттей-зерделей келе қазіргі «Сарыарқа» әуежайы, «Құрылыс» ауылы маңында қоңыр көмірдің ауқымды қоры бары анықталды. Ендігі көздегенім де сол еді. Бірақ, бұл ойымнан айнуға тура келді. Оған себеп, кәдімгі экология мәселесі. Бұл маңда халық тұтынатын артезиан суы бар. Ал, көмір өндірісі табиғат-ананың бұл сыйын тып-типыл ететінін ұқтым. Жер асты суына орны толмас зиян келер еді. Тіпті, адам игілігіне бола өндірілетін көмір адамзат обалына қала ма деп бұл жобама қайтып оралған емеспін. Оған өкінбеймін де. Қазір сол төңіректе шағын шахталар бар деп естимін. Бірақ, осы мақаланы оқып отырғандар болса, ол жұмысты дереу тоқтату қажет дер едім.
– Сонда жоспарды қалай орындамақ болдыңыз?
– Осы тұста арап қыр, жазира жазықта «Шұбаркөл» көмір орны табыла кетпесі бар ма? Негізі, геолог-барлаушылар көмір іздемеген көрінеді. Аяқ-асты көмір табылған. Үлгісін маған әкеліп, көрсетті. Таң қалдым. Көмір болғанда да қандай көмір десеңші?! Қызуы – қатты, күлі – аз! Арқа өңірінде бұрын-соңды мұндай көмір кезіккен емес. Тіпті, кезігуі де екіталай еді. Себебі, аймағымыздағы көмір негізінен палеозой дәуіріне тиесілі карбон кезеңінің өнімі саналады. Ал, «Шұбаркөл» болса, юра дәуірінде қалыптасқан екен. Сонымен, бұл көмірдің Қазақстанның «қара маржаны» аталатындай не қасиеті бар? Ең бастысы – жоғарыда айтып өткеніміздей, күлі аз да, қызуы жоғары. Бұған басты себеп – көмір майлылығы. Яғни, бидай құрамындағы балауыздың (клейковина) көмір құрамында да көптеп болуы. Сірә, аймағымыздағы егін сапасының жоғары болуы да көмірден бөлініп, топыраққа сіңген балауыздың жоғары болуынан болар. Кім білсін?
– Бұл кенішті іске қосу да оңайға соқпаған болар?
Әлбетте! «Борлы» разрезінде танытқан табандылығымды бұл жолы да танытуға тура келді. Өйтпеске болмас еді. Жоғарыдағы басшылықпен келісімге келудің өзі үлкен шаруа. Бірақ, «шешінген судан тайынбас» деген бар. Талай басшының тілін тауып, діттеген мақсатқа жетудің тетіктерін қарастырудай-ақ қарастырдым. Нәтижесі – осы күні де көрініп отырған жоқ па?
«Қонаевтан 1 млн. гектар жер сұрадым»
– Шахтерлер тұрмысын «Шұбаркөлде» де ұмытпаған боларсыз?
– Әрине. Борлыда атқарылған ауқымды жұмыс «Шұбаркөлде» де жүргізілді. Үй-жайдан бөлек, үкіметтің азық-түлік бағдарламасын іске асыру мақсатында бассейнде алғашқы болып ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру бойынша көмекші шаруашылық құрылысын қолға алдым. Тіпті, «Қарағандыкөмір» бірлестігінің басқаруына бірқатар совхоздар алынды. Бұл совхоздар шаруашылығын жетілдіре отырып, кеншілерді азық-түлік, ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етуі тиіс еді. Осыған орай, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен байланысып, «Шұбаркөл» маңынан 1 млн. гектар жер сұрадым. 750 гектар берілді. Оған да келістім. Шаруашылықты шалқыту жұмысы осымен тәмам болды демеңіз. Кейінгі бірер жылда көктемгі қызылсудан көз ашпай келеміз ғой. Ал, неге соны бір орынға жинап, егін, балық өсіру сынды игі іске дұрыс пайдаланбасқа? Зиянын емес, пайдасын көруге болар еді ғой?
– Бұл салада да тәжірибеңіз бар сыңайлы…
– Бар болғанда қандай. Сол тұста қызылсуды бір орынға жинап, тоған жасадым. Ол аз десеңіз, Қарағандыда шабақ өсіретін орын да әзірледім. Сөйтіп, «Шұбаркөл» маңында балық өндірісі де қолға алынды. Ендігі мәселе, үй-жай, қора-қопсы, қойма құрылысына қатысты болмақ. Айтайын дегенім, осы күні тұрмыста шатыр, дуал құрылысы кезінде қажетті «профлист» өнімін сол тұста бір шебердің өндіріп жатқанын байқадым. Білдегімен (станок) танысайын деп едім, ақысына «Волга» автокөлігін сұрады. Автокөлік атаулысы тапшы заман ғой. Ақыры, бір «Волга» мінгізуіме тура келді. Есесіне, «Қарағандыкөмір» бірлестігінің жобалаушылары білдегімен танысып, профлист шығармақ болдық. Бірақ, әлгі азамат сонда да бір бармағын бүгіп, бір құпиясын ашпай кетіпті. Жобалаушылар жанын салып, айтпай қалған құпияны шешті-ау. Шешіп қана қоймай, профлист өнімін жетілдіріп жіберді.
– Бұл да құрылыс кезінде көп септігін тигізген болар?
– Әрі жеңіл, әрі берік, әрі ыңғайлы жаңа өнім талай уақытты, қаржы мен еңбек күшін үнемдеуде таптырмас мүмкіндікке айналды. Жетілдірілген өнімге енді бір азаматтың қызығушылығы оянды. Онда – рельстер бар еді. Қарағанды-Жезқазған теміржолы бойында «Қызылжар» стансасы бар. «Шұбаркөл» көмірін соған жеткізу үшін вагон, вагонға рельс қажет. Профлистке қызығуын қызыққанымен жаңа рельс емес, бұрын қолданыста болғанын беретін болып келісілді. Сөйтіп, теміржол да салына бастады. Қателеспесем, сол рельстер күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді.
«Өңірде триллион текше тонна газ бар»
– Осы күнге дейін ғылымнан қол үзбей келесіз. ҚарМТУ қабырғасында өзіңіз құрған «Кен металлургия кешенінің метан энергетикасы» зертханасы да жұмыс жасауда. Көмір саласымен сабақтас газ өндірісін зерттегеніңізге де аз уақыт болмады-ау?
– Шахта тереңіндегі, көмір қабаттары арасындағы газды игеру мәселесін көтеріп келе жатқаныма жиырма жылдан астам уақыт болды. Өңірімізде триллион текше тонна газ бар. Газ болғанда да табиғи газдан анағұрлым сапалы, таза газ. Яғни, табиғи газдың тазалық мөлшері 60%-ға жуықтаса, метан тазалығы 99,3%-ға тең. Ал, біз болсақ сонау Маңғыстау облысынан газ тартып әуреміз. Әрине, көмір қабатындағы газды игерудің де машақаты аз емес. Десе де, Батыс Қазақстаннан құбыр тартудың шығыны осы өндірісті қолға алуға жұмсалса әлдеқайда ұтымды болар ма еді? Бұл жұмыстар Кеңес кезеңі тұсында да азды-көпті атқарылды. Бірақ, күні бүгінге дейін жаппай жүзеге аспай келеді. Осы жұмыс қаржылық тұрғысынан пайдасымен қатар, шахтерлер өмірін аман алып қалуға да үлкен үлес болар еді.
– Көкжиектен көгілдір отын көрінгелі тұрғындарымыз көмір алудан бас тартады деп ойламайсыз ба?
– Оған – уақыт сарапшы. Көмірден бас тартса, бас тартатын да болар. Себебі, қазір «Шұбаркөл» көмірінің 1 тоннасы 11-12 мың теңгені құрап отыр. Жеткізіп беруі тағы бар. Бір үй жылына кемі 10-15 тонна көмір алады. Енді есептей беріңіз. Қарапайым зейнеткерлерде ондай ақша қайдан болсын? Солардың арасында байырғы шахтерлер де жоқ емес. Ал, Одақ тұсында әр шахтер отбасына ең жақсы деген көмірді ғана жеткізіп беруші едік. Тегін. Ақысыз. Ол дәурен өткенімен, көмір сұраныссыз қалмайтыны белігілі. Себебі, жоғарыда айтқанымдай, Қарағанды көмірі қашан да сұраныста!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН.