Инженерлік білім берудегі инновациялық тәсілдер атты дөңгелек үстел өтті


2018 жылдың 13 қарашасында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің мәжіліс залында «Ақпараттық-есептеуіш жүйелер» кафедрасының оқытушылары мен магистранттары үшін ғылыми-әдістемелік дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелді ҚарМТУ-дың АЕЖ кафедрасы шетелдік ғалымдармен бірлесіп ұйымдастырды. Оған  Астрахань мемлекеттік сәулет және құрылыс университетінің бірінші проректоры (Астрахань, Ресей) техника ғылымдарының докторы, профессор Ирина Петрова қатысты. Тақырыбы: «CDIO концепциясына сәйкес оқу жоспарларын жаңғырту». Ирина Юрьевна Петрова «CDIO бастамасы» ірі халықаралық жобасы және Астрахань ЖОО-ларында CDIO (Conceive-Design-Implement-Operate – Ойластыру-Әзірлеу-Енгізу-Басқару) стандарттарын енгізу тәжірибесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

CDIO бастамасы 2000 жылдың қазан айында Массачусетс технологиялық институтында (MIT, АҚШ) ғалымдар, мұғалімдер мен өнеркәсіп өкілдерінің қатысуымен басталған базалық инженерлік білімді реформалау бойынша ірі халықаралық жоба болып табылады.

Бұл бастаманың мақсаты – инженерлік білім беру бағдарламаларының мазмұны мен тиімділігін қазіргі заманғы технологиялардың даму деңгейіне және жұмыс берушілердің күтуіне сәйкес келтіру болып табылады. CDIO стандарттарын пайдалану кешенді пәнаралық жобалар арқылы студенттердің білім беру қызметін тұрақты түрде жандандыру негізінде білім беру үдерісінің жаңа жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жоғары білімнге деген сұраныс пен оның мұқтаждықтары, олардың арасындағы қайшылықтар туралы жеке пікірлерін білдірді:

— бір жағынан, бұл жоғары оқу орны түлегінің үнемі өзгеріп әрі толықтырылып отыратын техникалық білім базасын меңгеруі қажеттігі.

— екінші жағынан, техникалық университеттің түлегі нақты машина жасау командаларында жұмыс істеуге, кәсіпорынның және қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін нақты өнімдер мен жүйелерді шығаруға мүмкіндік беретін бірқатар білімдерді, білік пен дағдыларды меңгеруі тиіс екендігі.

Дөңгелек үстел соңында іскерлік-ойын өткізілді. Кафедра оқытушылары мен магистранттары 3 командаға бөлінді. Әрбір команда жалпы және кәсіби құзыреттердің тізімін ҚарМТУ оқу үрдісіне енгізудің маңыздылығы мен деңгейі бойынша бағалады. Команда жетекшілері нәтижелері туралы баяндады.

Іскерлік-ойын оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін кафедра қызметкерлері болашақта пайдаланатын маңызды, жалпы және кәсіби құзыреттердің бесеуін анықтауға мүмкіндік берді.

Без рубрики