«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚЫТУ ҮДЕРІСІ ЖӘНЕ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР


2024 жылдың 4 наурызында  «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ өзара ынтымақтастық байланыс аясында  Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы бірлесіп, «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісі және сандық технология» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты: мемлекеттік тілді  оқытудың әдістемесін жетілдіріп, оқыту үдерісінде сандық технология мүмкіндігін пайдалану жолдарын насихаттау болды. Семинарда ЖОО оқытушылары, Облыстық және қалалық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бұл  оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған іс-шара болды.

Семинар барысында «Сандық технология: мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа серпін»;  «Жаппай ашық оқу курсы  – қашықтықтан оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру тәсілі»;  «ТBL (Team Based Learning) әдісін қолданудың тиімділігі»; «Қазақ тілін IT арқылы меңгертудің тиімділігі»; «Сандық технология аясында қазақ тілін үйретуде веб-оқулықты қолдану» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Аталмыш семинарға «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ  Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі м.а., ф.ғ.к.,  доцент К.М. Хамзина, ф.ғ.к., доцент міндетін атқарушылар Н.Т. Ныгметова, А.Б. Аширбекова  және аға оқытушы, п.ғ.м. К.К. Нуржановалар баяндама жасады.

«Мемлекеттік тілді оқыту үдерісі және сандық технология» тақырыбында облыстық семинар барысында әріптестер арасында ынтымақтастық орнап,  ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылды.

Семинар соңында Ресурстық тіл орталығының директоры Бибігүл Сәдуқызы мен «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КЕАҚ, Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасы меңгерушісінің м.а., ф.ғ.к., доцент К.М. Хамзина семинарды қорытындылап, мазмұнды баяндама жасаған спикерлерге ризашылықтарын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттармен алғысхаттар табысталды.

Без рубрики