«Ұлттық рейтинг: Халықаралық тәжірибе мен әдістеме» Фатима Жақыповамен онлайн-кездесу өтті


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жобаларды басқару офисінің академиялық артықшылық және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының жетекшісі Фатима Жақыпова өткізген онлайн кездесуде «Ұлттық рейтинг» жобасы кеңінен талқыланды. Шараға Директорлар кеңесінің төрағасы Арын Орсариев, Басқарма төрағасы-Ректор Сауле Сагинтаева, Басқарма мүшелері — Проректорлар, факультет декандары және құрылымдық бөлімше басшылары қатысты.

Фатима Жақыпова «Ұлттық рейтинг: Халықаралық тәжірибе мен әдістеме» жобасының басты мақсаттары мен оның білім беру сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті. Пилоттық жоба 2025 жылдың 5-қаңтарында іске қосылады. Сонымен қатар, халықаралық рейтингтерге, QS және Times Higher Education рейтингтеріне ену стратегиясы туралы ақпараттармен бөлісті.

Ректор Сауле Сагинтаева: «Ұлттық рейтинг» — бұл талантты студенттерді тартудың, сондай-ақ оқу орындарының халықаралық аренада танылуының маңызды құралы. Бәсекеге қабілеттіліктің артуы тек білім сапасын жақсартуға ғана емес, сондай-ақ университеттердің беделін арттыруға да ықпал етеді. Талапкерлер мен жұмыс берушілер осы рейтингтерге қарап өз таңдауын жасайды. Сондықтан бұл біз үшін өте маңызды»,-деп атап өтті.

Еске сала кетейік, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бүгінде білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттіктің деректері бойынша Қазақстанның жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бестігіне кіреді. Ал әлемдік университеттердің QS World University Rankings рейтингі бойынша 851+ орын алады; Азия университеттерінің QS World University Rankings Asia рейтингісінде 264 және Орталық Азия университеттерінің рейтингісі бойынша 14 орында тұр. Бұл біздің университет Қазақстанды халықаралық білім беру кеңістігінде лайықты түрде көрсетіп отырған жоғары көрсеткіштер.

Без рубрики