Әлімхан Ермеков атындағы математикадан Республикалық олимпиада


1 қараша күні Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің 125 жылдығына арналған математикадан бірінші республикалық олимпиаданың ашылу салтанаты болып өтті.

Олимпиаданың мақсаты – бұған дейін Қазақстанның барлық облыстарында алдын ала іріктеуден өткен, математика пәнінен үздік нәтиже көрсетіп жүрген 8-9 сынып шәкірттерінің шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, теориялық білімдері мен практикалық біліктерін жетілдіру. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірлерінен келген 143 оқушы қатысуда.

Зияткерлік сайыстар екі тур бойынша өтуде, ал олардың қорытындылары 2016 жылдың 3 қарашасы күні Қарағанды облысының К.Станиславский атындағы драма театрында өтетін олимпиаданың жабылу салтанатында хабарланады.

Республикалық олимпиаданың сыйақы қоры бір миллион теңгеден асады. Гран-при иегеріне 250 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылады. Сонымен қатар, 12 жүлделі орын мен Қарағанды облысының көрнекті ғалымдары атындағы 25 аталым бойынша да материалдық сыйлықтар үлестірілмек.

Республикалық олимпиаданың ҚарМТУ-да өткізіліп отырғаны да кездейсоқтық емес. Қазақ халқының ғұлама ғалымы кезінде осы Қазақстан Республикасы мен алыс-жақын шетелдерде жетекші білім ордаларының бірі саналатын жоғары оқу орнында еңбек еткен.

Олимпиадаға Қарағанды облысынан 15 адам қатысуда. Қарағанды педагогтары мен осы шараны ұйымдастырушылар шәкірттерімізге үлкен үміт артып, лайықты деңгейден көрінеді деген сенімде.

Бұл математика пәнінен Әлімхан Ермеков атындағы тұңғыш республикалық олимпиада. Ұйымдастырушылардың келешекте оны жыл сайын өткізілетін дәстүрлі білім сайысына айналдыру ниеті бар.

Без рубрики