Жаңа жыл – әр баланың ертегі сиқырына сеніп, асыға күтетін ең бір ғажайып мерекелердің бірі. Балалар үшін бұл – армандары мен тілектерінің орындалатын мейрам.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ҚарМТУ белсенді студенттері «Аяз атаға хат» қайырымдылық акциясын өткізген болатын. Мұндағы мақсат – әлеуметтік мекемелерде, жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі отбасылардың баларына арнап, ата-анасы әпере алмай отырған сыйлықтарды тарту етіп, бүлдіршіндерді қуанту.
Жай ғана қарапайым ойыншықтардың өзі алуға мүмкіндігі жоқ жанұялар үшін үлкен сый. Сондықтан балалар өз қалауларын Аяз атаға хат түрінде жолдаған болатын.
Акцияның алғашқы кезеңінде ҚарМТУ «Ақниет» қайырымдылық ұйымының мүшелері осындай жанұялардың үйлерін аралап, балалардың хаттарын жинаған болатын.
Ал екінші кезеңде студенттер университет басшылығы, қызметкерлері және студенттердің көмегімен сыйлықтар жинақтап, оларды әдемілеп сәндеген еді.
Балалардың тілектері де әр алуан еді – жұмсақ ойыншықтар, қысқы күрте, аяқ киім.
Акция соңында Аяз ата мен Ақшақар кейпіндегі волонтерлеріміз хат жазған балалардың үйіне барып, әрқайсысына тілеген сыйлықтарын табыс етті.
Акция аясында 100-ден астам бала қамтылды.
Волонтерлер: «Балалардың шынайы күлкісі, жүздеріндегі қуанышы біз үшін баға жетпес жаңа жылдық сыйлық болды. Осындай кішігірім жақсылықтың соншама адамдарға үлкен бақыт сыйлап, мейірімді болуға, бір сәт те болса, ертегіге сену керектігін көрсететіндігі қандай ғажайып!»,- дейді.