ҚР Білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарының бірі – қазақстандық білім берудің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Оны іске асыру үшін, атап айтқанда, экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес мамандарды кәсіби даярлау сапасын арттыру жөніндегі міндет шешілуде.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді жаңғырту білім алушыларда кәсіби, жаһандық құзыреттермен қатар азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік, көшбасшылық, коммуникативтілік, іскерлік, сондай-ақ зерттеу дағдыларын қалыптастыру шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл ретте, сандық дәуірдің тез өзгеретін жағдайларына байланысты жаңа білім беру бағдарламалары икемді және кәсіби дағдыларды қалыптастыруға бағдарланады.
Өткен жылдың өзінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті сандық өндіріс саласында 7 Инновациялық білім беру бағдарламасын әзірлеп, оқу үрдісіне енгізді: «Машина жасаудағы сандық технологиялар», «Басқарудың кіріктірілген сандық жүйелері», «Цифрлық аэрофототүсірілім», «Жерді қашықтықтан алдын ала тексеру», «Тау-кен кәсіпорындары мен жер асты құрылыстарын салу», «IT-медицина», «Тағамдық биоиндустрия». Аталған білім беру бағдарламалары оқу процесіне ЖОО-ның ғылыми-білім беру кешендері – «Индустрия 4.0», «Сандық машина жасау», «Металлургиядағы нанотехнологиялар» және «Биоинженерия» базасында енгізілген. Көрсетілген кешендер әлемдік деңгейдегі жабдықпен жасақталған және 45 жетекші трансұлттық және ұлттық компаниялармен әріптестікте жұмыс істейді, олардың ішінде TOTAL, FESTO, Schneider Electric, Mitsubishi Electric, Leica Geosystems, Epam Systems, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «ССКӨБ» АҚ, «Nova Цинк» ЖШС, «KAZPROM AVTOMATIKA» ЖШС және басқалар.
Алдағы 2020-2021 оқу жылында университет үш жаңа білім беру бағдарламасын әзірлейді: бакалавриат бойынша – «Ғимараттар мен құрылыстардың инженерлік жүйелері», «Геофизикалық инжиниринг және технологиялар» және магистратура бойынша – «Технологиялық машиналар мен жабдықтардың АЖЖ».
Инженерлік жүйелерді жобалау, салу және пайдалану саласындағы мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сияқты ауқымды салада ғана емес, өнеркәсіпте де жоғары сұранысқа ие.
Қазақстанда геологиялық барлаудың қарқынды дамуы мен тиімділігінің артуы пайдалы қазбаларды іздеу мен барлаудың қазіргі заманғы ғылымды қажетсінетін геофизикалық технологияларды енгізуді талап етеді. Бұл саладағы мамандар «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Қазгермұнай» БК ЖШС, «Қазгеология» АҚ, «Казпромгеофизика» АҚ, «АзимутГеология» ЖШС және басқа да соларға ұқсас кәсіпорындарға қажет.
Күрделі техникалық жобаларды басқаруға, әлемдік деңгейдегі технологияларды енгізуге, өнеркәсіптің түрлі салалары үшін технологиялық машиналар мен жабдықтарды жобалауға қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бакалавриаттың жаңа білім беру бағдарламасы – «Технологиялық машиналар мен жабдықтардың АЖЖ» бағдарланған.
Түлектердің жұмысқа орналасуы қандай да бір білім беру бағдарламасының сұранысқа ие болуының объективті өлшемі болып табылады. Мәселен, 2015-2019 жылдары ҚарМТУ бейіндік магистратурасының 18 жаңа білім беру бағдарламасы бойынша жоғарыда көрсетілген кәсіпорындармен және QS рейтингінің ТОП-500 құрамына кіретін АҚШ, ЕО, Қытай және Ресейдің 23 техникалық және технологиялық университеттерімен әріптестікте 945 бәсекеге қабілетті маман даярлап шығарды. Олардың барлығы ЖОО-ын бітіргеннен кейін бірінші жылы мамандық бойынша жұмысқа орналасты. Жалпы, ҚарМТУ-да бакалавриаттың, магистратураның және PhD докторантураның 97 білім беру бағдарламасы бойынша оқыған 2019 жылғы түлектердің 94,4% жұмысқа орналастырылды.
ҚР сұранысқа ие ЖОО-ның ұлттық рейтингі – 2020 қорытындысы бойынша еліміздің жоғары оқу орындарының Бас рейтингінде Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті тек Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін алға жіберіп, 3-орын алды, және «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» білім беру саласында 1-ші орынға ие болды.
ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау жіктеушісіне сәйкес білім беру бағдарламаларын білім беру топтары, бағыттары, салалары және деңгейлері бойынша саралау АРТА/IAAF рейтингінің айырықша ерекшелігі болып табылады.
ҚарМТУ білім беру бағдарламаларының 25 тобы бойынша 1-орынды иеленді (9 – бакалавриат, 10 – магистратура және 6 – докторантура).
Қазақстан Үздік ЖОО-ның ұлттық рейтингі – 2020 БСҚА/IQAA қорытындысы бойынша тек Satbayev University алға жіберіп, ҚарМТУ еліміздің техникалық және агротехникалық ЖОО ішінде 2-орынға ие болды.
Жыл сайын ҚарМТУ осы рейтингтердегі көшбасшылар үштігіне кіреді, бұл тағы да бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін, жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамын, университеттің даму стратегиясының халықаралық танылуы мен тиімді саясатын растайды.