«Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті» ШЖҚ РМК «Қарағанды техникалық университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамға қайта ұйымдастыру туралы ақпарат


«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орындарының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 қазандағы №752 қаулысымен «Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттің 100% қатысуымен «Қарағанды техникалық университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) болып қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылды.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының 2020 жылғы 29 мамырдағы Қоғамды құру туралы №335 бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының әділет органдарында Қоғамды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылды (2020 жылғы 29 маусымдағы мемлекеттік тіркеу туралы анықтама).

Қоғам қайта ұйымдастырылатын Кәсіпорынның барлық мүліктік, қаржылық және өзге де құқықтары мен міндеттемелерінің құқық мирасқоры болып табылады.

Қоғам өз бетінше әзірленген білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын, білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының  қатынасын, оқуға қабылдау тәртібін, оқу жүктемесінің, оқу, ғылыми, ғылыми-техникалық, кәсіпкерлік, өндірістік-шаруашылық, инновациялық және әдістемелік қызметтің жеке нормалары мен нормативтерін, еңбекақы төлеу  нысандары мен мөлшерін өз бетінше айқындайтын білім беру ұйымы мәртебесіне ие.

Қоғамның құрылтайшысы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті атынан Қазақстан Республикасы Үкіметі  болып табылады. Қоғамның құрылтай құжаты – КЕАҚ Жарғысы.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Жалғыз акционер) Қоғам акцияларының 100% мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын тиісті саладағы уәкілетті орган болып табылады.

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР 2001 жылғы 16 қаңтардағы №142 Заңымен және Жарғымен Жалғыз акционердің құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, Қоғам қызметіне жалпы басшылық жасауды Қоғамның Директорлар кеңесі жүзеге асырады (70-тармақ, КЕАҚ Жарғысы). Директорлар кеңесінің шешімімен оның бірінші отырысында Басқарманың сандық құрамы мен мүшелері бекітіледі (71-тармақтың 6-тармақшасы, КЕАҚ Жарғысы).

Қоғамның ағымдағы қызметін басқаруды Қоғамның  атқарушы органы – Басқарма (Ректорат) жүзеге асырады. Қоғам Басқармасын Басқарма Төрағасы – Қоғам Ректоры басқарады.

104-тармақтың 1), 2) тармақшаларына сәйкес Басқарма (Ректорат) Қоғамның ұйымдық құрылымы мен штат санын әзірлейтін және ұсынатын болады.

Қоғам қызметінің мақсаты сапалы білім алу, оқыту және білім беру үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады.

Қоғамның білім беру үдерісінің мақсаты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары сапалы оқыту болып табылады.

Қоғам қызметінің мәні жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру саласында білім беру қызметтерін ұсыну болып табылады.

Без рубрики