2017 жылдың 16 қарашасы күні ҚарМТУ «Жастар әлемі» сарайында қалалық жас тілшілер мен блогерлер слеті үшінші мәрте жалауын желбіретті. Атаулы шараға облыстық БАҚ өкілдері, блогерлер, журналистика мамандығына бет бұрған аймақ ЖОО-ның студенттері мен жастары қатысты.
Іс-шара екі бөлімнен тұрды. Пленарлық отырыс Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары И.Ю. Любарскаяның, «Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ-ның директоры Б.П. Бекмурзаев және журналист, тележүргізуші Асхат Садырбайдың қатысуымен өтті. Одан кейін слет жұмысы 2 секциялық платформаларға бөлінді: «БАҚ-да мемлекеттік өзгерістерді жариялау және дұрыс жеткізу» және «Әлеуметтік желілердегі басылымдардың мақсаттары, стилі және эмоционалды жеткізу. Қалалық блогерлердің пулын кеңейту».
И.Ю. Любарская, мұндай шаралардың ақпараттық салада қызмет етуші тараптарды бір орталықта біріктіріп, болашақ журналистерге бағыт-бағдар беру үшін ұйымдастырылып отырғандығын айта келіп, міндетіміз ақпарат таратуға байланысты жұмыстың қыры мен сырына қанық аға буынның тәлімін алуға шақыру, журналистикадағы кәсіби этика, ақпаратты дәл әрі нақты берудің жолдарын үйрету болып табылатындығын баяндады.
Өз кезігінде слетке арнайы шақырылған Асхат Садырбай жиналған жастарға дәстүрлі журналистика мен блогерлік тұғырында ақпарат таратудың айырмашылығы жайлы баяндап, екі жақтың да ортақ мақсаты ақпаратты дәл әрі нақты, фактілерге сүйене отырып тарату болу керектігін айтты. «Журналист белгілі бір БАҚ-қа жұмыс істеп, өз жазбасының тақырыбын таңдауда, оның мазмұнын ашуда редакцияның берген бағытына бағынатын болса, блогер өз жұмысында кез келген тақырыпқа бой ұрып, ойын еркін жазу артықшылығына ие»,- деді журналист.
Сондай-ақ Асхат Садырбай «блоггинг», «медиа-тұлға» сөздерінің мағынасына тоқталып, аккаунт ашып, блог жүргізу жайлы кеңестерін берді.