Жыл сайын Қазақстанда 1-ші қазан «Халықаралық қарттар күні» деп аталып өтілетіні баршамызға белгілі. Жастар үшін қарттардың еңбегін бағалау, олардың мемлекеттің дамуына қосқан сан қырлы үлесін білу, қарттықты құрметтеу игі дәстүрге айналған үлкен шара деп білеміз.
Қазақстандықтардың әрбір жаңа буыны үлкендердің даналығынан, олардың тәжірибесі мен адамгершілік қасиеттерінен үлгі алады. Соғыс жылдарында өздерінің ерліктерімен Отанды қорғап, қаншама қиындықтарды, аштықты бастан кешірді, соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіруге, өз еңбектерімен экономиканың дамуына лайықты үлестерін қосты. Олар жас ұрпақ алдындағы өз борышын өтеуде аянбай тер төкті. Бүгінгі күні қарттарға көрсетілген құрмет пен қамқорлық еліміздің дамуына жасалып жатқан оң қадамдардың бірі деп санаймыз.
Халықаралық қарттар күні 1990 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясында жарияланды. Осы мерекеге байланысты ҚарМТУ-дың Инновациялық технологиялар колледжінің студенттері қаламыздағы «Забота» мүгедектер үйіне барып, 60-95 жас аралығындағы 25 адам тұратын қарттарды құттықтауды шешті. Олардың әрқайсысының өз өмір тарихтары бар, кейбіреулері мүгедектер үйінде болған, кейбіреулері тағдырдың қиын тауқыметін бастарынан өткізген. Сондай-ақ, арнайы орталықта тұратындардың арасында өз уақытында мемлекетімізге еңбек сіңірген мұғалімдер, инженер, актрисалар болды.
Сонымен қатар, колледж директоры Н.А. Смағұлова, оқытушылар мен студенттер және ата-аналардың ұйымдастыруымен мерекелік түскі ас, музыкалық құттықтаулар ұсынылды.
Іс-шара өте мазмұнды болды, студенттер ардагерлермен бірге гитарада ән шырқады, колледж студенттері кездесуден ерекше әсермен қайтты. «Забота» мүгедектер үйінің ардагерлері мерекелерімен құттықтап келген студент жастарға өмірлерінде болған қиын жағдайларымен, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, кеңестер берді.
Колледж әкімшілігі, оқытушылар құрамы және барлық студенттер мереке қарсаңында қымбатты әжелеріміз бен аталарымызды осындай айтулы күнмен құттықтай келе, оларға ең бастысы ауырмай, ұзақ өмір сүрулерін тіледі.