Қазанның 16-шы жұлдызында ҚарМТУ-дың мәжіліс залында 18 қазан — Қазақстан халқының рухани келісім күніне арналған дөңгелек үстел өтті.
Мақсаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және 2017-2020 жж. арналған ҚР дін саласындағы мемлкеттік саяси тұжырымдамасын жүзеге асырудың жолдарын талқылау, еліміздегі ұлт пен ұлыстар арасындағы сыйластық пен келісімді, рухани-адамгершілік құндылықтарды, барлық діни сенімдер мен конфессияларға деген құрметті насихаттау болды.
Дөңгелек үстел жұмысына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының, аймақтық этномәдени орталықтардың, Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің, «Жас Орда» студенттер ұйымдарының ассоциациясының өкілдері және университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы қатысты (жалпы саны 65 адам).
Мәжілісті Қарағанды облысы конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының директоры Мұхтар Төлеу Қайратұлы жүргізді.
Ол өз сөзінде 18 қазан – Қазақстан халқының рухани келісім күнін атап өтудің көпұлтты еліміздің халқы үшін үлкен саяси және тәрбиелік маңызы зор екендігіне тоқталып, «Біздің еліміз өз тәуелсіздігінің 25-ші жылында елімізді мекендеген ұлт пен ұлыстардың арасындағы достық пен сыйластық қарым-қатынастарды сақтап келе жатқан мемлекеттің озық үлгісі болып келеді. Бұған дәлел ел көлемінде әлем және дәстүрлі діндердің қатарынан бес съезінің өтуі»,- деді.
Мәжілісте сөз алған әрбір баяндамашы ұлттар достығы турасындағы Елбасымыз бағдар берген қоғамдық-саяси дамудың осы жолынан танбау керектігін баса айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бас менеджері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Бақытқали Мұсабеков басқосуға қатысып отырған жастарды ұлт пен ұлысқа бөлініп, бытырадай шарыраудың орнына, бір атаның баласындай бір тудың астына бірігіп, тек мақсатты халық болуға ұмтылуға шақырды. Сондай-ақ ол қазақстандықтардың өзіне тән менталитеті бар екендігін ескертіп, оған рухани жаңғырудың бөлінбес бөлшегі болып келетін бәсекеге қабіллеттілік, прагматизм, ұлттық сәйкестік, ғылымды құрметтеу, дамудың революциялық емес, эволюциялық жолын дұрыс көру сияқты қасиеттер тән екендігін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшесі Марина Фатеева жастарға өзін-өзі дамытудың рухани жолдарын таңдағанда абай болып, түрлі теріс наным-сенімдердің жетегінде кетуден бойларын аулақ ұстаған жөн деп аналық кеңесін айтты.
Сондай-ақ дөңгелек үстелде ҚарМТУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі А. Сағатова, Рухани-адамгершілік кеңесінің төрағасының орынбасары Ж. Түсіпбеков, студенттер ассоциациясының төрағасы Р. Бузяков та университетте осы бағытта жүргізліп жатқан жұмыстар жөніндегі өз ойларымен бөлісті.
Бұл іс-шара рухани-адамгершілік тәрбие беру, және осы бағытта туындайтын проблемаларды қозғап, жүйелі ойлар айтылған жақсы мәжіліс ретінде жастардың қызығушылығын тудырып, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берген игі кездесулердің бірі болды.