Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ студенттері студенттік активтің жазғы көшпелі мектебіне қатысты


23-25 мамыр аралығында Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағындағы «Политехник» Спорттық-сауықтыру лагерінде «Jas Wave» студенттік активінің жазғы көшпелі мектебі ұйымдастырылды. Оған Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 100 үздік белсендісі қатысты.

Қарқаралы қаласына кетер алдында Басқарма Төрағасы – Ректор С.С. Сагинтаева қатысушылармен амандасып, көшпелі мектепті табысты өткізуді тіледі. Сауле Саветовна университетімізде осындай креативті және жігерлі жастардың бар екеніне өте қуанышты екенін атап өтті және белсенділерді университет қызметінің барлық негізгі бағыттарына тартуға басшылықтың дайын екендігін білдірді.

«Политехник» ССЛ базасында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Д.С. Жиенбаевпен және Қарқаралы қаласының әкімі А.Р. Рахимбергеновпен диалог алаңы өтті. Спикерлер аудан тарихы, көрікті жерлер, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы туралы айтып, жастарға арналған құнды кеңестермен бөлісті.

3 күн ішінде студенттер команда кұру, коммуникация, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға арналған түрлі іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ студенттер үшін зияткерлік квесттер, спорттық турнирлер, тауға серуен, от жағасындағы ән кеші және т.б. ұйымдастырылды.

25 мамырда Әлімхан Ермековтің туған күнінде көшпелі актив мектебінің қатысушылары қоғамдық-саяси қайраткерлер – Әлімхан Ермеков, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Алаш арыстары» ескерткішіне барды.

Осылайша, жазғы көшпелі мектептің қорытындысы бойынша белсенділер жаңа идеялармен толықты, жарқын эмоциялар мен таптырмас тәжірибе алды.

Без рубрики