Сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2023-2024 оқу жылының көктемгі семестрінде химия және химиялық технологиялар кафедрасының «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасының студенті Тогайбай Нұрзат Нұрланұлы Познань техникалық университетінде білім алуда (Познань қ., Польша).
Басында оқу қиынға түсті, себебі оқу жылының дәл ортасы болғандықтан жаңа жүйеге тез бейімделу қажет болды. Басқа оқу орыны болған сон білім беру жүйесі де, сабақтары да өзгеше. Дегенмен, ол жаңа жағдайларға тез бейімделіп кетті.
Бірақ оқу барысында ол өзі үшін химия саласын басқа қырынан аштым. Зертханалық сабақтар кезінде бұрын көрмеген құрылғыларды көріп, жұмыс істеп көрді. Дәрістер ағылшын тілінде өткізілетіндіктен жаңа терминдермен танысты.
Сабақтарды Еуропаның әртүрлі оқу орындарында және кәсіпорындарында жұмыс істеп, студенттермен мол тәжірибе жинақтаған оқытушылар жүргізді. Оқу барысында тренинг жүргізген факультет Европа бойынша жұмыс істейтін компаниялармен кездесулер және экскурсия ұйымдастырды.
«Оқу барысында жаңа тынысым ашылғандай болды. Барынша өзімді дамытуға, қолымнан келгенше білім алуға, ой-өрісімді кеңейтуге ұмытылыс пайда болды», – дейді Нұрзат.
Бұған Еуропа бойынша жасаған саяхаттары ықпал етті. Нұрзат Венгрияда, Италияда, Германияда және басқа елдерде болды. Мұның бәрі академиялық ұтқырлық бағдарламасының арқасында. Нұрзат университетіміздің Халықаралық ынтымақтастық орталығына және «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасына Познань техникалық университетінде оқуға мүмкіндік бергені үшін үлкен алғысын білдіреді.
Нұрзатқа Жеке оқу жоспары бойынша пәндерді меңгеруіне сәттілік, барлық бастамаларында табыс тілейміз!