2024 жылы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті алғаш рет 2 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландырылып, ғылыми-зерттеу қызметі саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Бұл сома түрлі көздерді қамтиды: шаруашылық шарттар, мемлекеттік бюджет, гранттық қаржыландыру, бағдарламалық-нысаналы жобалар, сондай-ақ «Жас ғалым» бағдарламалары мен жас ғалымдар байқауы аясындағы бастамалар.
Шаруашылық келісім-шарт қызметі аясында университет 49 шаруашылық келісім-шарт жасасып, 46 инновациялық жобаны іске асырды, бұл Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ үшін бірегей жетістікке айналды. Университеттің ірі серіктестерінің қатарында Қарағанды өңірінің «Қармет» АҚ, «Қазақмыс» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» ЖШС, «Жәйрем КБК» ЖШС, «Мэйкер» ЖШС және басқа да жетекші кәсіпорындары бар.
Мұндай ынтымақтастық өңірдің ғылыми-техникалық байланыстарын нығайтып, инновацияларды енгізу есебінен өнеркәсіптік кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, гранттық қаржыландыруға және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға ерекше назар аударылды. Президенттің Жолдауына және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ұсынымдарына сәйкес, ҚарТУ биыл алғаш рет жалпы қаржыландыру көлемі 1 млрд 759 млн теңгені құрайтын коммерцияландыру саласындағы гранттық қаржыландыруға 6 ірі жоба ұсынды. Бұл жобалар тау-кен металлургия және көлік саласына бағытталған. Бұдан басқа, ҚарТУ ғалымдары облыстың көлік жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді шешуге жұмылдырылып, жергілікті атқарушы органмен ғылыми жобаны орындау шеңберінде ынтымақтастық құруда.
Бұған дейін университет жемірілуге қарсы жабындарды өндіру бойынша жобаны сәтті іске асырып, бұл жоба үш жыл ішінде 1 млрд теңге көлемінде пайда әкелген. Бұл жетістіктер университет ғалымдарының жоғары әлеуетін растайды.
Айта кетейік, 2025-2027 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсына университет қазіргі уақытта сараптамадан өтіп жатқан 35 инновациялық жобаны ұсынды. Сонымен қатар, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында 17 жоба, ал жас ғалымдар байқауына 16 жоба ұсынылды. Бұл зерттеу қызметінің жоғары белсенділігінің және қуатты ғылыми әлеуеттің болуының айғағы.
Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ-дың жетістіктері университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдарының қомақты үлесін айғақтайды. Бұл қызметкерлердің әл-ауқатын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы университеттің имиджін арттыра түседі.
Қалыптасқан динамика ҚарТУ-дың 2025 жылы да ғылыми саладағы өз позициясын нығайтуды жалғастыратынын көрсетеді. Университет жаңа бағдарламаларға белсенді қатысуды және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұл жетістікке тиімді басшылықтың, Saginov Technical University қызметкерлерінің топтық жұмысының және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауының арқасында қол жеткізілді.