Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Инновациялық технологиялар колледжінің ұйымдастыруымен VІ Облыстық «Жаңа ғасыр жастары» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті


Бүгін, 22 мамырда ақын, жалынды жазушысы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдық және қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойлары қарсаңында «Жаңа ғасыр жастары» атты жас ақындар байқауы өтті.

Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Смагулова Н.А. мүшәйраға қатысушыларға сәттілік пен толағай табыстар тіледі.

Жыр жарысына 15-19 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері бақ сынады. Сайыскерлер С.Сейфуллин мен Қ.И.Сәтбаевқа арнаған арнау өлеңдерімен қатар, еркін тақырыптағы өз туындыларын оқыды.

Жас ақындарға әділ бағаларын берген қазылар алқасы сайыскерлердің өнерін бағалау кезінде өлеңнің көркемдік ерекшелігіне, ұйқасына, тіл тазалығына, дауыс мәнеріне, сондай-ақ сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.

Сайыстың қорытындысы бойынша, №65 мектептің 9-сынып оқушысы Наурызбай Игілік ІІІ-орынды иеленді. Ал, ІІ-орынды Қарағанды қаласы, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенті Канафина Камила жеңіп алды. Қарағанды облысы, Саран қаласы, А.Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Еркебұлан Ислам І-орынға ие болды. «Жаңа ғасыр жастары» жас ақындар мүшәйрасының Бас жүлдесін Қарағанды қаласы, №65 мектептің 11-сынып оқушысы Жуманова Нуршат жоғары ұпаймен жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздары мен барша қатысушыларға және тәлімгерлеріне университет пен колледж атынан арнайы дипломдар, алғысхаттар және кітаптар табысталды.

Без рубрики