Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Техникалық ғылымдар» кадрларды даярлаудың оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару тобының кеңейтілген отырысы өтті


29-қаңтар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Техникалық ғылымдар» кадрларды даярлаудың оқу-әдістемелік бірлестігі жобаларды басқару тобының (ОӘБ-ЖБТ) кеңейтілген мәжілсі өтті. Аталмыш топ Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің құрамына кіреді.

Іс-шараға 96 адам қатысты. Қатысушылар қатарында ҚР ҒЖБМ өкілдері, шетелдік сарапшылар, жұмыс берушілер, стейкхолдерлер және тау-кен ісі, өндірістік және өңдеу салалары, еңбек қауіпсіздігі және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлайтын білім беру саласындағы жобаларды басқару тобы оқу-әдістемелік бірлестігінің ОӘБ-ЖБТ мүшелері бар.

ОӘБ-ЖБТ төрағасы, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, профессор Б. Нүсіпбеков отырыс модераторы болды.

Пленарлық отырыста Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма төрайымы – Ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор С. Сагинтаева сөз сөйледі. Ол Әбілкас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Қазақстан Республикасындағы оқу-әдістемелік бірлестіктерді басқару және үйлестіру бойынша жетекші университет болып табылатынын атап өтті. Университет аясында түрлі мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарын үйлестіру жүргізілуде.

Ол тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру сияқты өндірістік және өңдеу салаларының маңыздылығына тоқталып, қазақстандық жоғары оқу орындарының геология, пайдалы қазбаларды өндіру және инженерлік зерттеулер саласындағы жоғары білікті мамандар даярлаудағы рөлін ерекше атап өтті.

Қазіргі уақытта Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің жанындағы ОӘБ-ЖБТ құрамына 20-ға жуық жоғары оқу орны кіреді. Соңғы үш жылдағы бакалавриат контингентін талдау көрсеткендей, тау-кен өндіру саласы бойынша білім алушылардың орташа саны 434-тен 558 адамға дейін өскен.

Университет түлектерін жұмыспен қамту мақсатында ағымдағы оқу жылының басында Қарағанды өңірінің ірі тау-кен өндіруші кәсіпорындарымен 29 келісімшарт жасалды. Жалпы алғанда, бакалавриат деңгейінде тау-кен өндірісі мамандықтары бойынша түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші 85-100% аралығында.

Кеше Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы сөйлеген сөздің әсері ме, барлық баяндамаларда қойылған мақсаттарға нақты нәтижелер арқылы қол жеткізу қажеттілігіне баса назар аударылды.

Отырыс барысында ОӘБ-ЖБТ «Тау-кен ісі және өндіру» бағыты бойынша жоба жетекшісі, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор А. Имашев; «Қазақстан бағалы металдар өндірушілер қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, қоғамдық ұйымының өкілі К. Баитов; «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС бас директоры Ж.Байгабелов; PhD докторы, шетелдік сарапшы, Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің өкілі (Өзбекстан) М.Исраилов; «Семізбай-U» ЖШС HR департаментінің директоры А. Кочимова; «KazMinerals» ЖШС №1 байыту фабрикасының бастығы Ж. Жалбыров; «Республикалық кен өндіруші және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығы» ЗТБ техникалық реттеу департаментінің директоры А. Калдарбек сөз сөйледі.

Қатысушылар өз ұсыныстары мен ескертулерін білдірді, олар ұйымдастырушылар тарапынан ескерілді.

Отырыс барысында 2024-2025 оқу жылына арналған ОӘБ-ЖБТ мүшелерінің құрамы және осы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ ұсынылған оқулықтарға гриф беру туралы шешім қабылданды.

Пленарлық отырыстан кейін қатысушылар секциялық сабақтарға қатысып, университеттің зертханалары мен оқу-өндірістік базасымен танысты:

  • «Тау-кен шахталық жабдықтар» оқу полигонын «Технологиялық жабдықтар, машина жасау және стандарттау» кафедрасының меңгерушісі В. Юрченко таныстырды;
  • Геосканерлеу орталығын «Маркетинг және геодезия» кафедрасының меңгерушісі Е. Хмырова көрсетті;
  • «Метан энергетикасы» зертханасын, пайдалы қазбаларды өндіру процестерінің тренажер-симуляторларын, геомеханикалық процестерді сандық модельдеу кабинеттерін, «Тау-кен ісіндегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешенін «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасының меңгерушісі А. Имашев таныстырды;
  • Геологиялық музеймен «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасының меңгерушісі Ф. Исатаева таныстырды;
  • Халықаралық материалтану орталығын «Нанотехнология және металлургия» кафедрасының меңгерушісі Д. Аубакиров көрсетті;
  • «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» ғылыми-техникалық орталығын «Кен аэрологиясы және еңбекті қорғау» кафедрасының меңгерушісі Н. Медеубаев таныстырды.

Кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

Без рубрики