21.05.2024 жылы Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы Мемлекеттік тілдің ғылымдағы әлеуетін насихаттауға бағытталған «Қазақтілді контент мәселесі: шешу жолдары» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырды.
Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім саласындағы қолданыс аясын кеңейту, ЖОО ғалымдарының қазақ тіліндегі ғылыми контентті дамытуға қосқан үлесі туралы ақпаратты ортаға салу мақсатындағы іс-шараға ЖОО ғалымдары мен тіл жанашырлары арнайы шақырылып, баяндамалар оқылды.
Баяндамаларда қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту және оның мағыналық сапасын жақсарту жолдары, ғылымның белгілі бір саласында ғылыми тіл мен қазақ тілін ұштастыру, кәсіби терминологияны дамыту жолдары, ғылыми контентті жетілдіру мәселелер туралы сөз қозғалды. Семинарға қатысқан ЖОО ғалымдары мен тіл жанашырлары, мектеп, колледж мұғалімдері ғылыми контентті жетілдіру мәселесі төңірегінде ұсыныстар мен ой-пікірін ортаға салды.
Аталмыш іс-шараға Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен бір топ ғалымдар мен оқытушылар қатысты. Жол-көлік факультетінің деканы Асқаров Бахтияр Шарапиденұлы «Жол-көлік саласындағы кәсіби терминология: ғылыми тілдің қолданысы» атты тақырыпта баяндамасын жасады. «Қазақтілді контент мәселесі: шешу жолдары» тақырыбындағы облыстық семинардың модераторы «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасы меңгерушісінің м.а. Хамзина Қарлығаш Мауенқызы болды. Жол-көлік факультетінің деканы Б.Ш. Асқаров арнайы алғыс хатпен марапатталып, «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы К.М. Хамзина, аға оқытушылар М.А. Хасен, Г.М. Әбілқасов, оқытушы А.Ж. Абдикадирова сертификаттарға ие болды.