Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні


«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Еліміздің осы мерекесіне орай «Жоғары математика» кафедрасының ұжымы іс шара өткізді. Іс шара мақсаты қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі туралы көрініс беру. Жастарды отансүйгіштік сезімін ояту, патриотизмге үндеу, батылдыққа тәрбиелеу. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.

«Біз тәуелсіздікке аңсап, за­ры­ғып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының осы сөздерін қазақстандықтардың барлығы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстағаны жөн. Өйткені рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.

Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды.

Без рубрики