Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Jas Orda жастар қауымдастығының Aqniet жастар қайырымдылық уйымы жыл сайын өткізілетін «Аяз Атаға хат» атты қайырымдылық акциясын сәтті аяқтады. Бұл игі шараның негізгі мақсаты – балалар әлеуметтік мекемелерінен, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жаңа жылдық сыйлықтар сыйлау.
Акция шарты бойынша, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шықған балалар, соның ішінде мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленетіндер, Аяз Атаға өздерінің арман-тілектері мен сыйлықтары туралы хат жазды. Бұл хаттарды Aqniet жастар қайырымдылық ұйымының еріктілері Instagram әлеуметтік желісінде жариялап, студенттер, қызметкерлер және кез-келген қала тұрғындары акцияға қатысып, балалардың армандарын орындауға мүмкіндік алды.
— Биылғы жылғы акция нәтижесінде 602 бала қуанышқа бөленді. Олардың ішінде: 425 бала «Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған» сыйлықтар алды, және де «Таңшолпан» әлеуметтік мекемесіндегі 177 балаға тәтті сыйлықтар таратылды. Бұған қоса Қарағанды, Теміртау және Пришахтинск қалаларындағы қиын өмірлік жағдайдағы отбасылардан шыққан балаларға өзіміздің атымыздан жаңа жылдық сыйлықтар табыстадық,-дейді ұйымдастырушылар.
Олар қайырымдылық акциясына қолдау көрсеткендерга алғыс айтып, Жаңа жылда сәттілік, бақыт және молшылық тіледі. Жақсылық әрдайым жақсылықпен қайтады!