ҚарТУ Huawei ICT академиясының ашылуы


2021 жылдың 25 қазанында «Қарағанды техникалық университетінің Huawei ICT академиясы» ашылды.

Ашылу салтанатына Huawei компаниясының өкілі, директордың серіктестермен жұмыс жөніндегі орынбасары — Өмірсерік Нұрсая және ҚарТУ өкілі, Атқарушы директор — Исагулов А.З. қатысты.

Қызыл лентаны кесу салтанатты рәсімінен кейін Өмірсерік Нұрсая Huawei компаниясы туралы және Huawei академиясы аясындағы өзара ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы сөз сөйледі. Сондай-ақ, ол студенттер Huawei Академиясында сертификаттау өткеннен кейін жақын және алыс шетел кәсіпорындарында жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтты. Исагулов А.З. өз сөзінде университет білім беру және ғылыми қызмет аясында одан әрі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

Қарағанды техникалық университетінің Huawei ICT академиясы студенттерді желілік технологиялар мен бұлтты есептеулер бағытында оқытумен айналысатын болады. Курстарды аяқтағаннан кейін университет студенттері HCIA «Routing & Switching», HCIA «Datacom» және HCIA «Storage System» бағыттары бойынша тегін сертификаттау емтиханын тапсыруға және Қазақстан Республикасы мен әлемнің басқа елдерінде жарамды халықаралық үлгідегі сертификат алуға мүмкіндік алады.

Сабақтар Huawei академиясының арнайы зертханасында, 4 корпустың 402 кабинетінде өткізіледі. Кабинет барлық қажетті техникалық және бағдарламалық құралдармен жабдықталған. Оқытуды Huawei компаниясының сертификатталған нұсқаушылары, «Байланыс жүйелері және технологиялары» кафедрасының аға оқытушылары Есенжолов Улан Серикович және Калиаскаров Нурбол Балтабаевич жүргізуде.

Huawei академиясының алғашқы түлектері 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Оқытуға «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының бітіруші топтары қатысады.

Без рубрики