Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті Шерхан Молдабай ауылшаруашылық қалдықтарды «старатель» жауынқұрттарының көмегімен қайта өңдеу идеясымен 750 000 теңге көлемінде грант ұтып алды. Студенттің «BioGood» деп аталатын бұл бизнес-жобасы республикалық «Кемел Кәсіпкер» жарысы аясындағы «Bastau Camp» жазғы лагерінде дүниеге келді.
Еске сала кетсек, осы жылдың мамыр айында Еуразиялық Топ холдингі, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы және Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) Кәсіпкерлік пен инновацияларды дамыту орталығы республика аумағындағы ірі жоғарғы оқу орындарының студенттерінің арасында жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін құру мақсатында республикалық «Кемел Кәсіпкер» жарысын ұйымдастырған еді. Бұл жобаға қатысушыларды іріктеу Қазақстанның бірнеше қаласындағы университеттерде: Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында болды. Чемпионаттың Қарағандыдағы кезеңі Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, ҚММУ және біздің білім ордамызда өткен болатын. Мұндағы мақсат кәсіпкерлікке икемі бар жастарды анықтап, олардың осы саладағы білімі мен біліктілігін дамыту, жастар арасындағы тиімді өмірлік стратегия және экономика мен кәсіпкерлік потенциалды қалыптастыру, көпшілікке тарату; әрбір аймақтардағы университеттердегі студенттер арасындағы байланысты нығайту (менеджерлер және маркетологтарды техникалық мамандарымен біріктіру); жобаларды таныстыру және студенттердің топтық жұмыс істеу қабілетін арттыру болатын.
Сайыс қорытындысы бойынша университетіміздің 1-2 орынды иеленген екі командасы («Менделеевцы» 1-орынды, ал IT командасы 2-орынды) Алматы обласы, Алакөл ауданы Жыланды селосында орналасқан AlmaU лагеріне 10 күндік оқу-тренингтерге қатысуға жолдама алған болатын. Шілде айында өткен жазғы лагерь-мектепте Қазақстанның 12 облысынан келген 105 студент отандық бизнес-тренер, маркетологтардан дәріс алып, ұлттық өндіріс, әлеуметтік кәсіпкерлік, ІЕ шешімдер мен байланыс, аймақтарды дамыту, азаматтық жауапкершілік және жасыл технологиялар бағыттары бойынша өз идеяларын өмірге енгізуге мүмкіндік беретін бизнес-жобалар жасады.
ҚарМТУ-дың «Химия және химия технологиялары» кафедрасының «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алып жатқан Шерхан Молдабайдың «BioGood» жобасы өзі сияқты жастар ұсынған 40 жобаның ішінде бизнес-инвесторлар тарапынан үздік жобалардың бірі ретінде іріктеліп, екінші орынды қанжығасына байлады.