2017 жылдың 5 желтоқсанында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Түлек-2017» жәрмеңкесі болып өтті.
Жәрмеңкенің мақсаты – ЖОО түлектері мен жұмыс берушілердің бір-бірімен байланысын нығайту, осы арқылы университет түлектерін жұмысқа орналастыруға септесу.
Жәрмеңке екі кезеңмен өтті. Жұмыс берушілер университет сайтында бір ай бұрын онлайн-режімде (виртуалды жәрмеңке) түлектердің түйіндемелерімен танысып, өздеріне қажет жас мамандарды іріктеді. Ал шараның екінші кезеңі осының қорытындысы ретінде бүгін Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда және Қарағанды облыстарының ірі өнеркәсіп орындарының өкілдерінің қатысуымен өтіп отыр.
Биылғы жылғы жас мамандар жәрмеңкесіне ҚарМТУ-дың күндізгі бөлімін бакалавриат бағдарламасы бойынша бітіріп жатқан 1326 студент қатысты.
Шараның салтанатты ашылу рәсімі ҚарМТУ-дың бас ғимаратында өтті, ал жұмыс берушілердің студенттермен тікелей сұқбаттасатын екінші кезеңі білім ордамыздың 1-корпусында ұйымдастырылды.
Жоғарғы оқу орнында осындай кездесулерге ұйтқы бола отырып, жұмыс берушілерге де, студенттерге да ақпараттық көмек беру – жас мамандарды нарықтық экономика жағдайында жұмысқа орналастырудың бірден бір тиімді жолы. Бұны жәрмеңкені ұдайы өткізіп келген ҚарМТУ-дың көп жылғы тәжірибесі дәлелдеп отыр. Себебі мұндай шараларда талап етуші мен сұранысты қанағаттандырушы екі жақ ауызба-ауыз тілдесіп, бос жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпараттарға қанық болады. Мамандар қатарын жас буынмен жаңартуға ден қойып отырған отандық компаниялар осы жерде болашақ кадрлармен жақын сөйлесіп, олардың білім-білік деңгейін бағалап, ең үздіктерін жұмысқа шақырады. Ал түлектер болса, өздерінің болашақ мансап жолын осы мәреден бастайды.