Қарағандыда «G – global ХХI ғасыр Әлемі» форумы өтті


Наурыз айының соңғы күнінде  «Нұр Отан партиясының облыстық филиалында алғашқы аймақтық «G – global ХХI ғасыр Әлемі» атты форумы өтті. Қатысушылар өңіріміздің ғылым, бизнес, қоғамдық ұйымдар және билік органдары өкілдерінің пікірлерін тыңдап, аймақтық қолөнер шеберлері мен ЖОО-ның жобаларымен танысты. Іс-шара мақсаты облысымыздың  ЭКСПО көрмесіне дайындығының қандай деңгейде екенін көрсету ғана емес, сондай-ақ аймақтың техникалық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетінің даму жағдайын   талқылау еді.  

Бес жүзден аса адам қатысқан үлкен жиында  G-Global Халықаралық Секретариатының басшысы С. Нугербеков; «Аманат» сыйлығының ұйымдастырушысы — «Адамдардың елеулі жетістіктері» Қоғамдық қорының Президенті З. Беисова; қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы  М. Жолдасбеков және өзге де отандық қоғамдық ұйымдардың өкілдері пікір бөлісті.

Ғимараттың бірінші қабатында қолөнер шеберлерінің және облыстық этномәдени орталықтары шеберлерінің жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылды. Жиырмадан астам ұлттық орталықтар ұлттық дәстүр мен мәдениеті аясындағы әдеби  және өз қолдарынан шыққан қолөнер туындыларын көрмеге қойды. Ал екінші қабатта еліміздің жоғарғы оқу орындары экологиялық энергия көздерін дамыту бағытындағы ғылыми жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды.

Университетіміздің ғалымдары тарапынан жұртшылық талқысына  үш авторлық жоба ұсынылды. Атап айтсақ, көрмеде ҚарМТУ профессоры В.Н. Кучин Статикалық типтегі гидродинамикалық ысытқыш құрылғысының  жұмыс жасау тәртібін көрсетсе, оның әріптесі  т.ғ.д., проф. И.В. Брейдо ашық тау-кен орындарында электр құрылғыларын жылыстау тоғынан қорғау аппаратының жұмысын танытты. Ал т.ғ.к. А.Д. Мехтиев тұрғын үйлерге арналған теріс қысымды бу электржылытқышын тәжірибеде  қолдану процесімен таныстырды.

Пленарлық отырыс басында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, Қарағанды облысының осы ауқымды шараны өзге аймақтар ішінде ең алғашқы болып өткізіп отырғандығын ескертіп, аталмыш форумдардың түрлі идеялар мен пікірлер тоғысқан аса маңызды жиын саналатындығын атап айтты.

Жоспар бойынша аталмыш іс-шара республиканың басқа өңірлерінде де өткізіліп, Астанада болатын  ЭКСПО – 2017 көрмесінің ашылуымен қорытындыланады.

 

Без рубрики