2025 жылғы 28 наурызда Алматы қаласында өткен ALMATYFAIR.AI 2025 жасанды интеллект технологиялары көрмесі аясында «AI-Sana» тақырыбында маңызды панельдік сессия өтті. Бұл сессия Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіндегі сарапшылар мен сала өкілдерін бір алаңға жинап, AI-білім беруді дамытудың негізгі сын-қатерлері мен келешегі туралы жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді.
Көрмеге елдің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қатысты. Аталмыш жиында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Инновациялық технологиялар» факультетінің деканы Амиров Азамат Жанбулатович те болды. Ол өз баяндамасында жасанды интеллект мамандарын даярлау ісіндегі өзекті мәселелер мен бұл бағытта университетте қолға алынған бастамалар жөнінде бөлісті. Сондай-ақ көрме барысында AI SANA, QAZCODERS, AI PEOPLE бағдарламалары таныстырылды және келушілерге жасанды интеллект саласындағы негізгі стартаптар, дрон-футбол және робототехника сайыстары көрсетілді.
Қазақстан Республикасының Президентінің тапсырмасына сәйкес, Үкімет жасанды интеллект саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған инновациялық «AI-Sana» бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама 2024 жылғы 11 желтоқсанда Astana Hub алаңында өткен Demo Day шарасының қорытындысы бойынша алғаш рет жарияланған болатын.
«AI-Sana» бағдарламасы – Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға арналған кешенді бастама. Ол IT-экожүйені нығайту, жоғары білікті мамандарды даярлау және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы елдің цифрлық болашағын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында білім беру жүйесіне AI-курстарды енгізу, ғылыми зерттеулерді қолдау және стартаптарды дамыту секілді маңызды бастамалар қарастырылған.
Жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып жатқан заманда «AI-Sana» бағдарламасы Қазақстанның жаһандық AI-қоғамдастығына интеграциялануына, сондай-ақ цифрлық экономиканы дамытуда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуына мүмкіндік бермек.