«Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және сталиндік қуғын-сүргін» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция


2017 жылы 28 ақпан Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті «Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және сталиндік қуғын-сүргін» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференциясын өткізеді. Конференция «Алаш» қозғалысының 100-жылдығына және  ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналады.

Қазақ халқының тарихы тағылымы мол оқиғаларға толы. Әсіресе, қазақ тарихында Алаш арыстарының орны ерекше. Қазақ халқының үздік білім алған, кең ойлы патриот саңлақтарының бастамасымен құрылған тұңғыш ұлттық Алаш үкіметі қазақ елінің саяси идеясының негізін қалаушылар болды. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Алаш қозғалысы негізгі идеясы әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған отаншыл азаматтардың елін прогреске бағыттаған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.

«Алаш идеясы» – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы.  Сондықтан бұл идея – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Алаш арыстарының өмір жолы, өмірбаянын, күрес жолын көрсетудегі басты мақсат – 25 жылдық тәуелсіздік тарихымызда өткеннен  ой түйіп, бүгінгі қоғамымыздың рухында мемлекетшілдікті, азаматтық сана сезімді орнату. Конференцияда Алаш идеясын зерттеп жүрген азаматтардың ой-пікірін тыңдап,  оны жаңа қазақстандық патриотизммен сабақтастыру. Осы арқылы Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапарын жалғастырып, бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстанымдардың бірегейі ету. Арыстардың аманатын жас ұрпақ санасына сіңіре отырып, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету.

Конференцияға Қазақстанның ғылым және білім беру ұйымдарынан  145-тен астам баяндама келіп түсті. ( Астана, Алматы, Қызылорда, Талдықорған және т.б.).

Конференция жұмысына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ж.А. Абишев,  Қазақстан Республикасы   Парламенті Мәжілісінің депутаты А.А. Смагулов,  «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары К.Б. Оспанова,  сондай-ақ  оқымысты ғалымдар: Ш.Уәлиханов атындағы тарих және  этнология институтының  профессоры  К.С. Алдажұманов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы С.М. Сыздықов,  Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы З.Г. Сақтағанова, Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Тұрсынова және Қазақстанның басқа ғалымдары, студенттер, магистранттар, докторанттар және т.б. қатысады.

Конференцияның ашылуы сағ.:10.00-де ҚарМТУ-дың Бас корпусының  Акт залында болады.

Конференцияның жабылуы және қарар қабылдау сағ.:12.00-де ҚарМТУ-дың Бас корпусының  Акт залында өтеді.

Без рубрики