2016 жылдың 16 қарашасы күні сағат 11.00-де Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде оқу орнының ректоры академик А.М.Ғазалиев бастаған профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерінің «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Қыдырәлі Дархан Қуандықұлымен кездесуі өтеді.
Оның барысында жоғары оқу орны мен республикалық БАҚ-тың әріптестік мәселелері сөз болады. Кездесуге қатысушылар Д.Қ.Қыдырәліге өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жан-жақты жауап ала алады.
«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНІҢ ҚЫСҚАША ТАРИХЫ
Жарық көре бастағанына үш жылдан соң бір ғасыр толатын «Егемен Қазақстан» газеті алғаш рет өз оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атпен 1919 жылғы 17 желтоқсанда тиді. Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымды дамыту, бет-бейнесін қалыптастыру, беделін арттыру ісіне зор үлес қосты.
Газет өз тарихында «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», ал 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.
Газет тиражы 170 мың дана.
Барлық облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында басылып, жарыққа шығады.
Газеттің өз веб-сайты (egemen.kz), интернет-редакциясы және «Етжеңді» деп аталатын қосымшасы бар.
14 облыста меншікті тілшілері, Алматы қаласында тілшілер қосыны жұмыс істейді.
Акционерлік қоғамда жалпы 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған.
ДАРХАН ҚУАНДЫҚҰЛЫ ҚЫДЫРӘЛІ – ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы. Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық академияның академигі. Халықаралық «ПЕН» клубтың мүшесі. Қазақстан жазушылар одағының Басқарма мүшелігіне сайланған. ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі. Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі. ІI сыныпты Кеңесші дипломатиялық рангі бар. Халықаралық Түркі Академиясының президенті (2014 жылдан). 2016 жылдың шілдесінен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы. 2015 жылғы 29 маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы Хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы болып табылады.
Дархан Қуандықұлы жақында Бакуде өткен І Түркология конгресінің 90 жылдығына арналған алқалы жиында Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы Низами атындағы Тіл және әдебиет институтының Құрметті докторы атанды.