Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
Докторантураның білім беру бағдарламасының құрылымы маңызы бірдей екі білім және ғылым компоненттерінен тұрады, олардың арақатынасын, өлшемін және есебін көрсетеді.
Докторантураның білім беру бағдарламасында:
1) базалық және бейіндеуші пәндер циклдерін меңгеруден тұратын теориялық оқыту;
2) докторанттардың практикалық даярлығы: практика, кәсіби тағылымдамалар түрлері;
3) докторлық диссертацияның орындалуын қамтитын ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы;
4) аралық және қорытынды аттестаттау қамтылады.
Білім беру бағдарламалары мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің негізінде жүзеге асырылады. Мамандық пен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің нысанын, құрылымын және әзірлеу тәртібін білім беру ұйымы өзі айқындайды.
Жұмыстың барлық түрлерінің еңбек сыйымдылығын есептеу меңгерілген материалдың көлемі бойынша жүзеге асады және оқудың нақты нәтижелеріне жетуге қажетті докторант пен оқытушының еңбек шығынының өлшем бірлігі болып табылатын кредиттермен өлшенеді. Бұл ретте алдыңғы білім деңгейінде игерілген кредиттерді ескеретін жинақтаушы кредиттік жүйе қолданылады.
Докторанттың докторантураға түсер алдында докторантураның тиісті кәсіптік оқу бағдарламасын меңгеруге қажетті барлық пререквизиттері болуы тиіс. Қажетті пререквизиттер тізбесін жоғары оқу орны өзі айқындайды.
Қажетті пререквизиттер болмаған жағдайда докторантқа оларды ақылы түрде меңгеруге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда докторантурада білім алу докторант пререквизиттерді толық меңгергеннен кейін басталады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру қағидаларына сәйкес, докторанттың ғылыми зерттеулерінің нәтижелері ғылыми, ғылыми-аналитикалық және ғылыми-практикалық басылымдарда жариялануы тиіс.
Философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша білім алушының ғылыми-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес болуы;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылым мен практиканың қазіргі теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктеріне негізделуі;
4) компьютерлік технологияны пайдалана отырып мәліметтерді өңдеудің және интерпретациялаудың заманауи әдістеріне негізделуі керек;
5) ғылыми зерттеулердің қазіргі әдістерін қолдана отырып орындалуы;
6) қорғалатын негізгі ережелер бойынша ғылыми-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
Бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша білім алушының эксперименталды-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың эксперименталды-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес келуі;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылымның, техниканың және өндірістің заманауи жетістіктеріне негізделген және нақты практикалық ұсыныстары, кешенді сипаттағы басқару мәселелерінің өзіндік шешімдерінің болуы;
4) алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды қолдана отырып орындалуы;
5) қорғалатын негізгі ережелер бойынша эксперименталды-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
Ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының нәтижелерін докторант әр академиялық кезеңнің соңында қысқаша есеп түрінде ресімдейді.
ДҒЗЖ/ДЭЗЖ шеңберінде докторанттың жеке жұмыс жоспарында міндетті түрде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуі қарастырылады.
Докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының ең соңғы қорытындысы докторлық диссертация болып табылады.
Докторлық диссертацияның тақырыбы оның өзектілігін есепке ала отырып докторантураға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей анықталады. Диссертациялық зерттеудің бағыты, әдетте, ұлттық басымдықтармен не мемлекеттік бағдарламалармен не іргелі немесе қолданбалы зерттеу бағдарламаларымен байланысты болуы тиіс.
Докторлық диссертацияның негізгі нәтижелері осы стандарттың 27-тармағына сәйкес жариялануы тиіс.
Докторантураның жалпы құзыреттіліктері:
1) түсінігінің болуы:
— ғылым эволюциясындағы парадигмалардың ауысуы мен дамуының негізгі кезеңдері туралы;
— жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының пәндік, дүниетанымдық және әдіснамалық ерекшеліктері туралы;
— білімнің белгілі бір саласындағы ғылыми мектептер мен олардың теориялық және практикалық жаңалықтары туралы;
— белгілі бір саладағы әлемдік және қазақстандық ғылымның ғылыми тұжырымдамалары туралы;
— ғылыми жаңалықтарды практикалық қызметке ендіру тетіктері туралы;
— ғылыми қоғамдағы қарым-қатынас нормалары туралы;
— ғалым-зерттеушінің педагогикалық және ғылыми этикасы туралы түсінігінің болуы тиіс.
2) білуі қажет:
— жаһандану мен интернациялизацияландыру жағдайында отандық ғылымның дамуының заманауи үрдістерін, бағыттары мен заңдылықтарын;
— ғылыми танымның әдіснамасын;
— белгілі бір саладағы әлемдік және қазақстандық ғылымның жетістіктерін;
— ғылым мен білімнің әлеуметтік жауапкершілігін (сезінуі және қабылдауы);
— халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми байланысты жүзеге асыруға мүмкiндiк беретін кемінде бір шет тiлiн кәсiптік деңгейде білуі қажет.
3) жалпылай білуі тиіс:
— ғылыми зерттеулер үдерісін ұйымдастыруды, жоспарлауды және іске асыруды;
— зерттеу саласындағы әртүрлі теориялық тұжырымдамаларды талдауды, бағалауды, салыстыруды және қорытынды жасауды;
— әртүрлі деректерден алынған ақпараттарды талдауды және өңдеуді;
— заманауи теориялар мен талдау әдістері негізінде академиялық тұтастықпен сипатталатын ғылыми зерттеулерді өз бетімен орындауды;
— ғылыми танымның шекарасын кеңейте отырып, өзінің жаңа ғылыми ойларын айтуды, өзінің білімі мен ойларын ғылыми қоғамдастыққа жеткізуді;
— зерттеудің заманауи әдіснамасын таңдап, оны тиімді қолдануды;
— өзінің кәсіби дамуын жоспарлауды және болжауды білуі тиіс.
4) дағдысының болуы тиіс:
— әртүрлі ғылыми ойлар мен теорияларды сыни тұрғыда талдау, бағалау және салыстыру;
— ғылыми қызметте талдау және эксперимент жүргізу;
— зерттеулер нәтижелерін жоспарлау және болжау;
— халықаралық ғылыми форумдарда, конференциялар мен семинарларда шешендік өнер және көпшілік алдында сөйлеу;
— ғылыми хат пен ғылыми байланыс;
— ғылыми зерттеулер процестерін жоспарлау, үйлестіру және іске асыру;
— зерттеу саласында жүйелі түсінік пен таңдап алынған ғылыми әдістердің сапалылығы мен нәтижелілігін көрсете білу;
— ғылыми іс-шараларда, іргелі ғылыми отандық және халықаралық жобаларға қатысу;
— басқарудағы көшбасшылық және ұжымды басқару;
— ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметке жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарау;
— заманауи ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдана отырып, патенттік ізденіс жүргізу мен ғылыми ақпаратты беру тәжірибесі;
— ғылыми жаңалықтар мен туындыларға зияткерлік меншік құқығын қорғау;
— шет тілінде еркін сөйлесу дағдысының болуы тиіс.
5) құзыретті болуы қажет:
— ақпараттар ағымының жедел жаңару және жедел өсу жағдайындағы ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет саласында;
— теориялық және эксперименттік ғылыми зерттеулер жүргізуде;
— ғылыми зерттеуде теориялық және қолданбалы міндеттерді қою мен оларды шешуде;
— белгілі бір саладағы мәселелерге кәсіби және жан-жақты талдау жүргізуде;
— тұлғааралық қарым-қатынас және адам ресурстарын басқару мәселелерінде;
— мамандарды жоғары оқу орнында даярлау мәселелерінде;
— ғылыми жобалар мен зерттеулерге сараптама жүргізуде;
— үнемі кәсіби өсуді қамтамасыз етуде құзыретті болуы қажет.