Әскери кафедра сіздерді көктемгі Наурыз мерекесімен құттықтайды!



1331719904_1331627582_1236160372_standart2-bolҰлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз биыл 13-рет дайындалып жатыр. «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан — жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң солтүстiк бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал 31 желтоқсан түнi Жаңа жылды табалдырықтан аттатқан кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. «Бала жасындағысын ұмытпайды». Көнекөз қариялар — салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес.
Наурыз — кей бiлгiштердiң жаңалық ашып, онысымен жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мереке емес. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Алайда, «Әр елдiң салты басқа, итi қара қасқа» демекшi, дәстүр өзгешелiгi де орын алған.
Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған.
Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi — күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды.

Без рубрики