Saginov Technical University-де жаңа жаттығу залы ашылды


Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде заманауи тренажер залының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Қарағанды облыстық спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сапиев арнайы келіп, жаңа нысанның лентасын қиды. Танымал спортшы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, университет басшылығының бұл бастамасына қолдау білдірді.

«Университет қабырғасында осындай сапалы әрі заманауи жабдықталған залдың болуы – студенттер үшін үлкен мүмкіндік және  еліміздің университеттерінде саусақпен санарлық. Бұл залдан көптеген талантты спортшылардың шығатынына сенімім мол», – деді ол.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Сауле Сагинтаева өз құттықтау сөзінде университетте спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін және жаңа спорт залы осы бағыттағы үлкен қадам екенін атап өтті. «Бізге студенттеріміздің білім алуымен қатар, жан-жақты дамуы маңызды. Жаңа зал – жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына және өз мүмкіндіктерін кеңейтуіне жағдай жасайды», – деді.

Заманауи үлгіде жабдықталған жаңа залда күштік және кардио- жаттығулар жасауға арналған түрлі құрылғылар, гантельдер, шатангалар мен тренажерлар орнатылған. Мұнда студенттер өздерінің физикалық дайындығын жетілдіріп, кәсіби деңгейде жаттығу жасай алады.

Университет басшылығы мен қонақтар бұл бастама жастардың денсаулығын нығайтуға және университет спортының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.

Без рубрики